ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Асқарбек Ертаевтың Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматовпен кездесуі өтті. Тараптар қол қойылған Ниет туралы мәлімдеме және Қазақстанға 2026–2030 жылдарға арналған Елдік бағдарлама шеңберіндегі әріптестіктің негізгі бағыттарын талқылады.
Ведомство басшысы кездесуді аша отырып, БҰҰДБ-мен көпжылдық ынтымақтастықтың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Әлеуметтік саланы одан әрі дамытудың басымдықтарына, атап айтқанда, нақты мұқтаждықты бағалау негізінде атаулы көмекке көшуге және жұмысқа орналастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Негізгі бағыттардың қатарында халықты жұмыспен қамту саясатын жандандыру, көші-қон саясатына цифрлық мониторингті енгізу, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін стандарттау, инклюзивті қоғам құру және жасанды интеллект технологияларын пайдалану бар.
Келіссөздер барысында қатысушылар 6 негізгі іс-шараны іске асыруды қамтитын 2026 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын егжей-тегжейлі талқылады. Цифрлық жұмыспен қамту қызметін әзірлеу, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау және оқыту жөніндегі ұлттық орталықты құру және оның жұмыс істеуі, БҰҰ-ның жаһандық сатып алу жүйесі арқылы инновациялық техникалық көмекші оңалту құралдарын сатып алу кезіндегі сараптамалық қолдау басты басымдықтардың бірі болмақ.
«БҰҰ Даму бағдарламасы ауқымды реформаларды іске асырудағы біздің сенімді серіктесіміз болып қала береді. Ниет туралы мәлімдеме әлеуметтік саланы цифрландырудағы қол жеткізілген табыстарды бекітіп қана қоймай, министрліктің алдында тұрған жаңа сын-қатерлер мен міндеттерге озық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Сонымен қатар ағымдағы жылға арналған бірлескен жоспар аясында мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, әйелдердің жұмыспен қамтылуын қолдауға және жастарды еңбек нарығына интеграциялауға бағытталған бастамаларды іске асыру жалғасады.
Өз кезегінде Сухроб Ходжиматов Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек саласын жаңғырту қарқынын жоғары бағалап, БҰҰДБ министрліктің бастамаларына бұдан былай да сараптамалық және техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін растады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық жоспарланған жобаларды уақтылы және сапалы іске асыру туралы келісті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1190140?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау