МИНИСТР ОТЫРАР АУДАНЫНА ІС САПАРМЕН КЕЛДІ
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Отырар ауданына келді. Іс сапардың негізгі мақсаты – аудан аумағындағы су шаруашылығы нысандарының жай-күйімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын зерделеу болды.
Сапар аясында министр халықаралық қаржы институттары қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Атап айтқанда, «Д. Алтынбеков» МК мердігер мекемесі арқылы жүргізіліп жатқан «Ақ Ордасы» корпорациясының өндірістік базасының жұмыс барысы қаралды. Жобаның орындалу деңгейі мен сапасына оң баға беріліп, алдағы жұмыстар бойынша тиісті ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының қатысуымен өткен кездесуде өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелерді жетілдіру және ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Іс сапар барысында министр «Қызылту» сорғы насос станциясының жағдайымен танысып, нысанның жұмыс тиімділігін арттыру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, аудан әкімі тарапынан Д. Алтынбеков каналының Қарғалы ауыл округіне қарасты бөлігін жыл соңына дейін бетондау жұмыстарын аяқтау жөнінде ұсыныс білдірілді.
Жалпы, жұмыс сапары аясында өңірдің су шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, оларды кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-baltakol/press/news/details/1189999?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау