Ойыл ауылында 150 орынға арналған заманауи «Балбұлақ» бөбекжай-бақшасы ашылды. Жаңа нысан әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам болып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, сондай-ақ білім саласының ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Басқарма басшысы Бұлбұл Күзембаева мектепке дейінгі білім беру дамуы басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
«Мектепке дейінгі білім беру – бүкіл білім жүйесінің негізі. Балабақшада баланың алғашқы дағдылары қалыптасып, тұлғасы мен білімге деген ынтасы дамиды.
«Балбұлақ» сияқты заманауи балабақшаның ашылуы сапалы білім ортасын қалыптастырудағы маңызды қадам болып табылады. Сенімдімін, бұл орталық өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуы үшін шынайы орталыққа айналады», — деді басқарма басшысы.
Нысанды сапалы және уақытында аяқтаған «BF Элит- Құрылыс» құрылыс компаниясының еңбегі де ерекше аталды. Мамандардың кәсібилігінің арқасында заманауи, қауіпсіз және жайлы мекеме пайдалануға берілді.
Салтанатты рәсімнің маңызды сәттерінің бірі –балабақшаның символикалық кілтін табыстау рәсімі болды. Сонымен қатар, ауыл ақсақалы Сағатов Өтеген ақ батасын беріп, дәстүрге сай шашу рәсімі өткізілді. Бұл шараның мәнін арттырып, ұрпақ сабақтастығын айқындады. Шара соңында мекеме аумағында көшет отырғызу ұйымдастырылып, бұл болашаққа қамқорлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың белгісі болды
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1189223?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау