Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 320 орындық заманауи мектеп-балабақша кешені пайдалануға берілді.
Нысан аудан орталығындағы Шүкір Еркінов көшесінде орналасқан. Білім беру мекемесінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, салалық басқарма басшылары, аудан әкімі, мердігер ұйым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Жоба 2024 жылы басталып, қысқа мерзімде «Интер Стиль» компаниясы тарапынан жүзеге асырылды. Кешен орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған және заманауи талаптарға толық сай жабдықталған.
Ғимаратта 20 оқу кабинеті қарастырылған. Олардың қатарында жаңа модификациялық физика, химия, биология және лингафон кабинеттері бар. Сонымен қатар, ер балаларға және қыз балаларға арналған арнайы шеберханалар жабдықталған. Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары ауылдық жерлерде білім сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Іс-шара барысында мердігер ұйым өкілі мектеп директорына нысанның символикалық кілтін табыстады. Ауыл ақсақалдары бата беріп, шашу шашылды.
Мерекелік бағдарлама аясында Ойыл балалар музыка мектебінің өнерпаздары өнер көрсетіп, патриоттық әндер шырқалды. Шара соңында қонақтар жаңа білім беру кешенін аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.
Жаңа нысан ауыл балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік беріп, өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамытуға серпін береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1189269?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау