Ағымдағы жылдың 27 наурызында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тапсырмасына сәйкес әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин арнайы жұмыс сапарымен Абай облысына келді.
Жұмыс сапары барысында вице-министр облыс әкімінің орынбасары Думан Оспановпен бірге Бесқарағай ауданындағы «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының қызметімен танысты. 2005 жылы құрылған шаруашылық бүгінгі күні өңірдегі ірі агроқұрылымдардың бірі саналады және 140-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Шаруашылық құрамында 600 басқа арналған сүтті-тауарлы ферма, сүт өңдеу цехы, сондай-ақ жабы тұқымды 1000 бас жылқы бар. 2023–2025 жылдар аралығында кәсіпорын өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында жаңа техника мен мал басын сатып алып, жаңғырту жұмыстарын жүргізді.
2024 жылы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу бағдарламасы аясында шаруашылық сүтті-тауарлы ферманы кеңейту үшін 1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, ауқымды жаңғырту жұмыстарын бастады. Нәтижесінде заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жоғары өнімді асыл тұқымды аналық ірі қара және жаңа техникалар сатып алынды.
Семей қаласындағы «Айша» серіктестігімен бірлесіп, кәсіпорын сүт өндіру және өңдеу бағытында табысты жұмыс жүргізуде. Бүгінде мұнда сүт, айран, қаймақ, сүзбе, май өнімдерімен қатар, шұжық өнімдерінің 20-ға жуық түрі өндіріледі.
28 наурыз күні жұмыс сапары аясында вице-министр Аманғали Бердалин өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында несиелендіру тетіктері, пайыздық мөлшерлемелер, мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары және саланың өзекті мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, вице-министр облыс әкімінің орынбасары Думан Оспановпен бірге Жаңасемей ауданындағы ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылыс алаңында болды.
Аталған жоба 2025 жылдың мамыр айында Шақаман ауылында басталған. Жоба Абай облысын 2027 жылға дейін дамытудың кешенді жоспарына енгізілген және ұлттық деңгейдегі басым жобалардың бірі болып табылады. Кәсіпорын бір ауысымда 35 тоннаға дейін ет өнімдерін өңдеуге қауқарлы. Жоба аясында ірі қара, қой және жылқы етін өңдеу арқылы шұжық, консерві, жартылай фабрикаттар және деликатес өнімдерін өндіру көзделген.
Өндірістік кешен толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға және экологиялық талаптарды сақтауға бағытталған. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Кешенді 2026 жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.
Жалпы, аталған жобаларды іске асыру өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-agro/press/news/details/1190462?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау