Болашақ жобалары: қарағандылық оқушылар халықаралық Infomatrix олимпиадасында жеңіске жетті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биыл Астана жас инженерлер мен бағдарламашылардың басты орталығына айналды — Infomatrix Asia 2026 халықаралық олимпиадасына рекордтық деңгейде қатысушылар жиналды. Гонконг, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Танзания, Үндістан, Уганда, Кипр, Солтүстік Македония, Таиланд, Мозамбик және басқа да елдерден келген 250-ден астам команда жасанды интеллект, робототехника және цифрлық шығармашылық бағыттарында мыңнан аса жобаны ұсынды.

Қатысушылар бірнеше санат бойынша бақ сынасты: AI Programming, AI Hackathon, Hardware Control, қолданбалы ғылым, компьютерлік графика және AI-өнер, Arduino Hackathon және робофутбол. Жекелеген номинацияларда қысқаметражды фильмдер мен стартап-жобалар да ұсынылды.

Олимпиадада Қарағанды облысының намысын Назарбаев Зияткерлік мектебі, «ОЗАТ» мамандандырылған IT-лицейі, «Білім-Инновация» лицейі, ақпараттық технологиялар мамандандырылған лицейі, «Дарын» ММЛИ және «Мұрагер» мамандандырылған лицейінің оқушылары абыроймен қорғады.

Қарағанды қаласындағы НЗМ-нің 11-сынып оқушыларынан құралған бес оқушы жарысқа қатысты. AI Programming санатында бірінші орынды жасанды интеллектті қолдана отырып әзірленген жеке MVP-бағдарламасын таныстырған Ерасыл Әбеуов иеленді.

— Мұндай байқауға қатысу өте құнды: мұнда әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған тың идеялары бар жасөспірімдер жиналады. Тәжірибе алмасу жүріп, жаңа жобаларға шабыт туады. Осыншама амбициясы жоғары, қызықты адамдарды бір жерден сирек кездестіруге болады, — деп бөлісті жоғары сынып оқушысы.

Өңір қоржынына тағы бір алтын жүлдені «ОЗАТ» мамандандырылған IT-лицейінің оқушысы Мансұр Ноғаев әкелді. Ол Hardware Control санатында MiniFab жобасымен жеңімпаз атанды.

— Шамамен 60 жыл бойы роботтандырылған автоматтандыру бір қағидамен жұмыс істеп келеді: оператор координаттарды енгізіп, командаларды қайталайды. Бұл дәл болғанымен, баяу әрі икемсіз. Оқыту көп уақыт алады. Менің жобам осы мәселені шешеді. MiniFab — камералармен, манипулятормен және арнайы контроллермен жабдықталған станция, оны бағдарламалау дағдысы жоқ адамдар да пайдалана алады. Жүйені үйрету үшін бірнеше ондаған мысалды жазып алу жеткілікті: адам 3D-контроллер арқылы қозғалыстарды көрсетеді, ал нейрожелі күрделі тапсырмаларды орындауға үйренеді. Бұл роботқа физикалық әлемді қабылдап, оған бейімделуге мүмкіндік беретін embodied AI технологиясының арқасында мүмкін, — деді Мансұр.

Алтын медальді 11-сынып оқушысы, ақпараттық технологиялар мамандандырылған лицейінің түлегі Ясмин Сейфуллина да жеңіп алды. Ол «Компьютерлік графика және AI-өнер» секциясында өнер көрсетті. Сондай-ақ «Мұрагер» лицейінің оқушысы Санжар Сәрсембаев та алтын жүлдеге ие болды.

Күміс медальді Қарағанды қаласындағы НЗМ оқушылары Жанерке Екпін мен Наймулуна Жаңабекова (AI Programming санаты) иеленді. Сонымен қатар ММЛИ «Дарын» оқушылары Абылай Қадырбек, Арманай Малиева және Нұрай Талғатбек, сондай-ақ «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Әлиназар Ерболат, Ілияс Сабыр және Ерасыл Бекболатов күміс жүлдегер атанды.

Қола жүлдені «ОЗАТ» IT-лицейінің оқушылары Азамат Алиханов пен Алдияр Кәкімжан, 

сондай-ақ Қарағанды қаласындағы НЗМ оқушылары Еркеназ Қажыахметова мен Медина Марат жеңіп алды. «Дарын» ММЛИ 11-сынып оқушылары Мадияр Ізбасар, Сабина Мұратқызы және Қуаныш Мұхаммеджан да қола медаль иеленді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1190379?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version