Кентау қаласындағы «Ынтымақ» алаңында Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесіне орай «Кентау көктемі» атты мерекелік концерттік шара өтті. Ашық аспан астында өткен думанды кеш қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық рухты дәріптеген тағылымды мерекеге айналды.
Мерекелік бағдарлама театрландырылған прологпен басталып, ұлттық нақыштағы ән-күймен жалғасын тапты. Түркістан Конгресс холл көпсалалы кешенінің өнерпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, көрерменге әсем ән мен күмбірлеген күй тарту етті. Атап айтқанда, «Jana Lep» труппасы, «Alqonyr» фольклорлық ансамблі, «Samgau» би ұжымы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара барысында қала әкімі Жандос Тасов пен қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов кентаулықтарды мерекемен құттықтап, елге амандық, әр шаңыраққа береке тіледі.
Концерттік бағдарлама барысында ұлттық өнер мен заманауи шығармалар үйлесім тауып, «Наурыз», «Бұлбұл», «Отан», «Түркістан» сынды әндер шырқалып, күйлер орындалды. Мерекелік кеш «Кентауым – мәуелі гүл бағым» әнімен қорытындыланды.
Наурыз мерекесі аясында қала әкімі бірқатар бүлдіршіннің тұсауын кесіп, олардың жарқын болашағына ақ жол тіледі. Бұл игі дәстүр – ұрпақ сабақтастығының көрінісі ретінде көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Мерекелік шара әрі қарай мәдениет саласының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1191011?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау