Петропавлдан үлкен сапарға: Serpin Way 2.0 керуені елдің оңтүстік өңірлеріне жолға шықты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Петропавлдан Kozybayev University бастамасымен елдің оңтүстік өңірлеріне бағыт алған Serpin Way 2.0 керуені үлкен сапарға шықты. 23 күн ішінде университет командасы 6 мың шақырымнан астам жол жүріп, 30-ға жуық елді мекенге баруды және Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысында 600 мыңнан астам адамды қамтуды жоспарлап отыр. Ауқымды кәсіби бағдар беру жобасы солтүстік пен оңтүстіктің арасын жалғаған маңызды көпірге айналып, оқушыларға жаңа білім мүмкіндіктерін танытпақ.

Керуен құрамына 24 адам енді – студенттер, оқытушылар және мансап орталығының өкілдері. Бірнеше апта бойы олар мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, Солтүстік Қазақстан университетіне түсу мүмкіндіктері, білім беру бағдарламалары, оқу жағдайы, студенттік өмір және солтүстік өңірге қоныс аударудың артықшылықтары туралы кеңінен ақпарат береді.

Serpin Way жобасы алғаш рет өткен жылы жүзеге асырылған болатын. Сол кезде солтүстіктен оңтүстікке дейінгі бағыт шамамен 18 күнге созылды. Биыл сапар географиясы едәуір кеңейді: маршрутқа Жетісу облысы, Алматы облысы, Балқаш қаласы, сондай-ақ Ақтөбе облысының екі ауданы қосылды. Бұл бастамаға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және жобаның жүйелі түрде дамып отырғанын көрсетеді.

«Біз өз өңіріміз, бағдарламаларымыз, университетімізге түсу мүмкіндіктері туралы айтып береміз. Салалық мамандар өз бағыттары бойынша, осы өңірге қоныс аудару мүмкіндіктері жөнінде түсіндіреді. Биыл бұл керуенді қайта іске қостық. Мен оның жүйелі негізде жалғасатынына сенімдімін», – деді Kozybayev University жанындағы Serpin Way 2.0 жобасының жетекшісі Ғабит Мүсірепов.

Биылғы сапардың ерекшелігі – болашақ талапкерлермен барынша түсінікті әрі ашық тілде байланыс орнатылуында. Егер өткен жылы негізгі назар ата-аналарға түсіндіру жұмыстарына аударылса, енді университет пен оқу мүмкіндіктері туралы мектеп оқушыларына сол жерде білім алып жүрген студенттердің өздері әңгімелейді. Мұндай формат диалогты ашық, шынайы және сенімді етеді.

Керуен құрамында студенттік үкімет президенті Асанәлі Жанатұлы да бар. Оның айтуынша, болашақ талапкерлермен қатарлас жастардың өз тілінде сөйлесуі солтүстік өңірде білім алудың мүмкіндіктерін тереңірек түсінуге жол ашады.

«Негізгі мақсат – солтүстік өңірде сапалы, соның ішінде қос дипломды білім беретін, заманауи стандарттарға сай салынған жатақханалары бар лайықты университеттің бар екенін көрсету. Өткен жылы біз жақсы жұмыс көрсеттік, нақты нәтиже болды. Көптеген студент дәл осы бағдарлама арқылы бізге оқуға түсті», – деп атап өтті ол.

Бүгінде Kozybayev University-де «Серпін» бағдарламасы бойынша 130-ға жуық бірінші курс студенті білім алып жүр. Бұл көрсеткіштер жобаның сұранысқа ие екенін және оның нақты тиімділігін айқын аңғартады. Serpin Way 2.0 – тек университет туралы таныстырып қана қоймай, оңтүстік өңірлердегі жастарға сапалы білімге, кәсіби дамуға және жаңа өмірлік мүмкіндіктерге бастайтын нақты жолды көрсететін жоба.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-sayasat/press/news/details/1190786?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version