2026 жылғы 30 наурыз
Қазақстан Республикасының Шаңхай қаласындағы Бас консулдығы Наурыз мейрамына арналған ауқымды іс-шара өткізді. Наурыз – табиғаттың жаңаруын және жыл басы саналатын қазақ халқының көне мерекелерінің бірі.
Шаңхай муниципалитетінің мемлекеттік резиденциясында өткен іс-шараға аталған қала мен консулдық округке кіретін провинциялары (Аньхой, Фуцзянь, Цзяңсу, Цзяңси және Чжэцзян) сыртқы істер кеңселерінің басшылары, Шаңхайда орналасқан шетел бас консулдары, қытайлық іскер топтардың өкілдері, қазақ диаспорасы, сондай-ақ Шығыс Қытайда білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты.
Қазақстанның Шаңхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров құттықтау сөзінде қонақтарды Наурыздың тойлау дәстүрлері мен бай мәдени мұрасымен таныстырып, мейрамның жарқын мағынасын атап өтті. Қазақ дипломаты қазіргі кезеңде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар туралы айтып, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, экономиканы нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын жеткізді. Бұдан бөлек, 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын, сондай-ақ Қазақстан – Қытай Мәдениетінің тоғыспалы жылының басталғаны туралы ақпарат берілді. Осыған орай, заманауи роботтар қонақтарға әсерлі би бағдарламасын көрсетті.
Қонақтарға мазмұнды мәдени бағдарлама – Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының фольклорлық-этнографиялық тобының орындауында қазақ музыка өнерінің туындыларын мен ұлттық тағамдар ұсынылды.
Сонымен қатар, ұлттық «Air Astana» әуе компаниясының ресми өкілдерінің қатысуымен ағымдағы жылдың 29 наурызында ашылған Алматы–Шаңхай бағытындағы алғашқы тікелей рейстің тұсаукесері және «QazTrade» қолдауымен Шаңхай қаласындағы Қазақстанның Сауда орталығының ашылуы рәсімі өтті.
Арай Айдархан жетекшілік еткен жергілікті «Көш» қазақ рок тобы биыл Шаңхайда өткен Наурыз мейрамын жылы әрі достық гала-концертімен қорытындылады.
Іс-шараға шамамен 200 адам қатысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-shanghai/press/news/details/1190734?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау