2026 жылғы 31 наурыз күні КММ «Жастар бастамаларын дамыту орталығында» «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Eco Cinema Night» деректі кино кеші өтті. Іс-шара сағат 14:30-да басталды. Іс-шараның негізгі мақсаты қатысушылардың экологиялық санасын арттыру, қоршаған орта мәселелері туралы ақпараттандыру деңгейін көтеру және қала тұрғындарын экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған нақты әрекеттерге ынталандыру болды.
Кеш барысында жаһандық және жергілікті экологиялық мәселелерді қамтитын, сондай-ақ табысты эко-жобалар мен қоршаған ортаға оң әсер ету мүмкіндіктерін көрсететін арнайы іріктелген деректі фильмдер көрсетілді. Көрсетілімнен кейін қатысушылар өз ойларымен және әсерлерімен бөлісіп, талқылауға белсенді қатысты. Бұл фильмдерде көтерілген мәселелерді тереңірек түсінуге және олар бойынша нақты шешімдер іздеуге мүмкіндік берді.
Іс-шара аясында «Қаланы қалай жақсарта аламыз?» тақырыбында интерактивті миға шабуыл ұйымдастырылып, қатысушылар аула, мектеп, жұмыс орны немесе аудан деңгейінде жүзеге асыруға болатын экологиялық бастамалар мен жобаларды ұсынды. Барлық ұсыныстар тіркеліп, алдағы уақытта тиісті ұйымдармен бірлесіп іске асыру мүмкіндігі қарастырылатыны атап өтілді.
Аталған шара интерактивті білім беру алаңы ретінде қатысушыларды тек ойлануға ғана емес, нақты іс-қимыл жасауға бағыттап, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосуға ықпал етті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1191037?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау