Астана қаласындағы «№5 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде» «Аутизм мәселелері және балалардың психологиялық денсаулығын сақтау» тақырыбында ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара барысында ата-аналарға балалардың психологиялық ерекшеліктері туралы кеңінен ақпарат беріліп, олармен тиімді қарым-қатынас орнату, дұрыс қолдау көрсету әдістері түсіндірілді. Мамандар әр баланың жеке дамуы мен мінез-құлқына сай жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Ашылғанына бір жыл толған мекеменің жобалық қуаттылығы жылына 150-200 баланы қамтуға есептелген. Жалпы ауданы 625 шаршы метрді құрайтын орталықта заманауи әдістемелік және дидактикалық материалдармен жабдықталған 10 арнайы кабинет жұмыс істейді. Бұл кабинеттер балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Орталықта түрлі бағыттағы білікті мамандар қызмет етеді. Атап айтқанда, мұғалім-логопедтер, дефектологтар, педагог-психологтар, бейімделген дене шынықтыру нұсқаушылары, музыка жетекшісі, сурдопедагог, тифлопедагог және ерте қолдау тобының тәрбиешілері балаларға кешенді көмек көрсетеді. Барлық мамандар арнайы оқу орталықтарынан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырған.
«Түзету кабинеттерінде әртүрлі бағыттағы мамандар жұмыс істейді. Орталық еуростандарттарға сай жабдықталған. Әрбір маман баланың жеке психологиялық ерекшеліктеріне қарай қызмет көрсетеді. Мысалы, тұрмыстық бағдарлау кабинетінде балаларға күнделікті өмір дағдылары үйретіледі. Олар тамақ дайындауды, кір жууды, тұрмыстық техникаларды қолдануды меңгереді.
Сонымен қатар, мекеме сенсорлық интеграция бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қажетті барлық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда орталығымызда алғашқы жұмыс циклі сәтті аяқталып, оның аясында шамамен 141 бала түзету бағдарламасынан өтті. Қазіргі уақытта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға командалық бағалау жүргізіліп, әрқайсысына жеке даму бағыты айқындалуда», – дейді орталық басшысы, логопед маман Гүжанар Ахаева.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1191951?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау