Кей жағдайда адам өз әрекетін жай ғана ашуға бой алдыру, өзін ұстай алмау деп қабылдауы мүмкін: дауысын көтереді, қорқытады, итереді, заңды әрекетке кедергі келтіруге тырысады, киімінен тартады, қол көтеруге оқталады.
Бір қарағанда бұл жай жанжал немесе эмоцияның әсерінен болған әрекет сияқты көрінуі мүмкін. Алайда егер мұндай іс-әрекеттер билік өкіліне өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қатысты жасалса, онда жағдай тұрмыстық кикілжің шеңберінен шығып, қылмыстық-құқықтық баға берілетін оқиғаға айналады.
Заң адамның көңіл күйіне емес, нақты жасаған әрекетіне баға беретінін түсіну маңызды. Егер билік өкіліне қатысты қорқыту айтылса, қысым көрсетілсе, дене күші қолданылса немесе оның қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты өзге де агрессивті әрекеттер жасалса, мұндай фактілерге сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында құқықтық баға беріледі.
Мұндай жағдайларда тергеу органы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтайды: бейнежазбалар зерделенеді, куәлардан жауап алынады, қорқытудың сипаты, дене жарақаттарының бар-жоғы, себептері, оқиға жағдайы және өзге де дәлелдемелер тексеріледі.
Заң әр азаматқа өз ұстанымын құқықтық жолмен қорғауға мүмкіндік береді және дәл осы жол ғана бірден-бір заңды тәсіл болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1191691?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау