ШЕКАРА ШЕБІНЕ АТТАНҒАН ЖАС САРБАЗ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ерқанат Балтабаев үшін әскерге бару жай ғана міндет емес, бұл әке жолын жалғау, азаматтық борышын өтеу. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті студенті өз еркімен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қатарында қызмет етуді таңдады. Оның айтуынша, бұл шешімге әке жолына деген құрмет пен елге қызмет етуге деген шынайы ниет. Ерқанат алдағы уақытта әскери борышын абыроймен өтеп, кейін оқуын мемлекеттік грант негізінде жалғастыруды мақсат етеді. Ерқанат секілді отаншыл жастарды шығарып салу рәсімі Шымкент қалалық жинау бекетінде өтті. Шекара қызметін таңдаған 26 әскерге шақырылушы сапқа тұрды. Жалпы көктемгі шақыру науқаны аясында мегаполистен 150 азамат Шекара қызметіне жолданды. Олар психологиялық тестілеуден, медициналық тексеруден өтіп, қалалық шақыру комиссиясының оң шешімін алған.⁣⁣⠀

Жас сарбаздарды шығарып салуға әкімдік өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, Ауған соғысы мен жергілікті қақтығыстарға қатысушылар, сондай-ақ «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің өкілдері қатысты. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев әскердің әр азамат өміріндегі маңызын атап өтті. ⁣⁣⠀

Әскери қызмет тәртіп пен төзімділікті қалыптастыратын, нағыз Отан қорғаушыны тәрбиелейтін маңызды мектеп. 18 бен 27 жасқа дейінгі әскери кейінге қалдыру⠀немесе әскерден босатуға заңды негіздері жоқ азаматтар әскери⠀міндетін өтеуі міндетті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтың мобильді номеріне 1414 хабарландыру жүйесі арқылы хабарландыру жіберіледі немесе заңды тіркелген мекенге шақырту жіберіледі. Ол азаматтар келмеген жағдайда олардың шақыру комиссиясына келуін қамтамасыз ету құқық қорғау органдарына жүктелген. Сонымен қатар өз шақыру қағаздарында көрсетілген мерзімде келмегендерге әкімшілік жауапкершілік , қасақана жалтарған азаматтарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Шақыру жұмыстары маусым айының соңына дейін жалғасады, – дейді Әбдіғабит Шегебаев. ⁣⁣

Үнемі жастардың жанынан табылатын отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев та өз тәжірибесімен бөлісіп, әскердің жас жігіттерді шыңдайтынын жеткізді. «Жас сарбаз әскерге жеткіншек болып барып, нағыз азамат болып оралады» деген ойы жиынға қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.⁣⁣⠀

Шара барысында болашақ жауынгерлерге қолдау көрсету үшін әскери колледж ұландары, «Жас сарбаз» сыныптарының тәрбиеленушілері және гарнизон әскери оркестрі өнер көрсетті. ⁣⁣⠀
Жалпы, биыл 30 маусымға дейін Шымкенттен 1200-ге жуық азамат әскер қатарына шақырылады. Оның ішінде жобамен 150 сарбаз Шекара қызметіне, 20-сы Мемлекеттік күзет қызметіне, 300-ге жуығы Ұлттық ұланға, 40 азамат Төтенше жағдайлар жүйесіне, ал 700-і Қарулы күштердің өзге әскери бөлімдеріне жіберіледі деген жоспар бар екен. ⁣⁣⠀

Әскери қызмет тек борыш өтеу ғана емес, сонымен қатар болашаққа мүмкіндік. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама арқылы үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға білім гранттары беріледі. Бұл бастама аясында Отан алдындағы борышын өтеген жастар еліміздегі 70-тен астам жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, әскери қызметтен өткен азаматтарға жеңілдіктер де бар. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсе алады. Ал оқу үлгерімі жақсы болған жағдайда, кейін мемлекеттік грантқа ауысу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, әскерден келген жастар жоғары оқу орындарының әскери кафедрасына емтихансыз қабылданады.⁣⁣⠀

Осындай мүмкіндіктер мен қолдаулар жас ұрпақты әскерге ынталандырып отыр. Ерқанат секілді жастардың саналы таңдауы қоғамдағы оң өзгерістердің белгісі. Олар үшін әскер тек міндет емес, елге қызмет етудің мәртебелі жолы.⁣⁣⠀

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1191774?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version