Павлодар облысының жас дарындары — «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешені» ММ оқушылары Ақтөбе қаласында өткен «ЖасStar» республикалық өнер байқау-фестивалінде жарқын жетістікке қол жеткізді.
Ауқымды мәдени шара көрнекті академик, композитор Ахмет Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына арналды. Бұл — қазақ музыка өнерінің тарихында өшпес із қалдырған тұлғаға көрсетілген зор құрметтің айғағы.
«ЖасStar» байқауы еліміздегі дарынды балаларды анықтап, жаңа есімдерді танытатын маңызды шығармашылық алаңдардың бірі болып саналады. Биылғы додаға Қазақстанның әр өңірінен келген үздік орындаушылар қатысып, баян-аккордеон, үш ішекті және фольклорлық аспаптар номинациялары бойынша өзара бақ сынасты.
Әсіресе «Баян-аккордеон» номинациясында павлодарлық жас музыканттар жоғары шеберлік танытып, көрермендер мен қазылар алқасын тәнті етті. Жаңабай Арслан (4А сынып) — Гран-при иегері атанды, ал Ниязбек Нұримран (3А сынып) 1 орын алды.
Бұл табыстардың артында ұстаз М.В.Семёнованың кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегі жатыр. Оның жас музыканттарды тәрбиелеудегі еңбегі мен өңірдің музыкалық білім беру саласына қосқан үлесі ерекше атап өтуге лайық.
Ахмет Жұбановтың мерейтойлық жылында қол жеткізілген бұл жеңіс — ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі және павлодарлық педагогикалық мектептің жоғары деңгейін дәлелдейді.
Жас лауреаттарға алдағы уақытта да толағай табыстар мен әлемдік сахналарды бағындыруды тілейміз!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1192039?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау