Жетісуда 13 мың гектарға қант қызылшасын себу жұмысы басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жетісу облысында биылғы маусымның қант қызылшасын себу жұмысы басталды.  Жалпы, осы жылы тәтті түбірдің егістік көлемі 13,0 мың гектар болады және одан 585,0 мың тонна өнім алынады деп жоспарланған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде 550-ден астам шаруашылық қант қызылшасын өсірумен айналысады. Оларға егістік үшін 17,5 мың себу бірлік тұқым қажет болса, оның 12,7 мың бірлігі Ақсу және Көксу қант зауыттары арқылы жеткізіліп, қазіргі кезде шаруашылықтардың берген өтінімдері бойынша тұқым таратылып жатыр. Қызылша өсірушілер тұқымның қалған көлемін басқа жеткізуші компаниялардан алуда. Бұл тұқымдар әлемдік селекцияның үздік үлгілерінен таңдалған. Атап өтсек, Францияның «Флоримон Депрес», Германияның «KWS» және АҚШ-тың «БТС» компанияларының жоғары өнімді сұрыптары қолданылмақ.

– Былтырғы жылдың тәжірибесін ескеріп, шамамен 1925 гектарға ерте жетілетін 120 күндік Авантаж сорты себіледі, бұл зауыттардың қызылшаны 10 қыркүйектен бастап қабылдауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар шаруашылықтарға сатып алған тұқымдарына, минералды тыңайтқыштарына, пестицидтеріне және зауыттарға қайта өңдеуге өткізген өнімдеріне жылдағыдай мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Жалпы, қант қызылшасын себу жұмыстары 1 сәуірден басталып отыр, 10 мамырға дейін аяқталады деп күтілуде. Бүгін тәтті түбір егуд Көксу ауданынан бастап отырмыз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Көксу ауданында қызылша егуді бастаған 4 шаруашылықтың бірі – «Кең дала» шаруа қожалығы. Бұл шаруашылық иелігіндегі 700 гектар алқаптың 200 гектарына тәтті түбір егуді жоспарлап отыр. Шаруашылық басшысы Қалибек Алпыспаевтың айтуынша, биылғы маусымда олар ерте пісетін «Авантаж» сортына басымдық беруде.

– Біз биыл ерте өнім алып, қант зауытына қызылшаны қыркүйектің ортасынан бастап тапсырамыз деген үмітіміз бар. Бұл келесі маусымға алқапты уақытылы дайындауға жағдай туғызады. Сонымен қатар заманауи технологияларды енгізіп, 50 гектар аумақты жаңбырлату әдісімен суару жоспарланып отыр. Бұл суды үнемдеуге, минералды тыңайтқыштарды тиімді қолдануға, өнімділікті екі есеге дейін көбейтуге ықпал етеді, – деді фермер.

Егіс науқаны барысында заманауи агротехнологиялар кеңінен қолданылуда. Ең алдымен алқапты дайындау жұмыстары атқарылған, атап айтқанда тырмалау, арамшөптерден тазалау жұмыстары жүргізілді. Содан соң алқапта GPS жүйелері арқылы жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін екі трактор іске кірісті. Бұл жүйенің арқасында  қатарлар мінсіз тегістеліп, тұқым біркелкі әрі шамамен 2 сантиметр тереңдікке дұрыс себіледі. Фермердің айтуынша, мұндай технологияларды қолдану тек тұқым мен жанармайды үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар болашақта жас өскіннің біркелкі шығуына және өнімділіктің артуына мүмкіндік береді.

Атап өтсек, өңірде биылғы жылы жалпы егіс алқабы 511,8 мың гектар болады деп күтілуде, соның 387 мың гектары көктемгі егіске тиесілі.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-koksu/press/news/details/1191979?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version