Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы, Ақтөбе қаласының әкімдігі мен Астана ауданы әкімдігі бірлесіп, қала аумағындағы бизнес нысандарын аралады. Кезекті мониторинг жұмыстары Жилгородок базары мен Есет батыр көшесінің бойында орналасқан сауда және қызмет көрсету нысандарын қамтыды.
Негізгі шаралар аясында кәсіпкерлерге қала аумағын көктемгі абаттандыру бойынша бекітілген екі айлықтың жоспары түсіндіріліп, нысан иелеріне іргелес аумақтарды қоқыстан тазарту және көгалдандыру қажеттілігі жеткізілді. Сонымен қатар ғимарат қасбеттерінің келбеті тексеріліп, тиісті заң бұзушылықтар анықталды. Мониторинг барысында кәсіпкерлерге абаттандыру қағидаларын сақтау бойынша арнайы жадынамалар табысталып, талаптар орындалмаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылатыны ескертілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жүзеге асырылуда. Осы бастама аясында Ақтөбеде 28 наурыздан 30 мамырға дейін санитарлық тазалау және абаттандыру жөніндегі көктемгі екіайлық жұмыстары жүргізіледі. Барша кәсіпкерлерді қаламызды тазарту жұмыстарына бей-жай қарамай, белсенді атсалысуға шақырамын. Тәртіп пен тазалықты сақтау — әрбір бизнес өкілінің тікелей міндеті», — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-industiya-innovatsiya/press/news/details/1192812?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау