⚜️Бүгін ауданымызда ел игілігі жолындағы тағы бір маңызды жоба жүзеге асып, Төрткөл ауыл округіне қарасты Арыстанды ауылына табиғи газ берілді.
⚜️Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады. Өз сөзінде ол газдандыру жұмыстары – халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтіп, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.
⚜️Жиында аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей сөз сөйлеп, ауыл жұртын игі жаңалықпен құттықтады. Олар мұндай игілікті істер елдің бірлігі мен мемлекеттің қолдауының нәтижесі екенін атап өтті.
⚜️Ақсақалдар ақ батасын беріп, елге амандық, береке тіледі. Бұл сәт – ел бірлігінің айқын көрінісіне айналды.
⚜️Аталған жоба аясында Арыстанды ауылында жалпы саны 102 абонент көгілдір отынның игілігін көретін болады. Бұл – көптеген отбасының тұрмысын жеңілдетіп, өмір сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жетістік.
⚜️Бүгінде осы жобаның нәтижесінде Ордабасы ауданында газбен қамтылған елді мекендер саны 44-ке жетіп, жалпы газдандыру деңгейі 77,2 пайызды құрады. Ал, жақын арада Ақсары ауылы табиғи газға қосылатын болса, бұл көрсеткіш 79 пайызға дейін өседі деп күтілуде.
⚜️Табиғи газ – тек жайлылық көзі ғана емес, ол – өркениет пен дамудың белгісі. Ауданымызда жүзеге асып жатқан мұндай ауқымды жобалар өңірдің әлеуметтік дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыра беретіні сөзсіз
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1192168?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау