Алматыдағы №36 қалалық емханада Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінің өкілдері кірген ЮНИСЕФ делегациясы болды. Аталған емхана қаланың қарқынды дамып келе жатқан Наурызбай ауданында тұратын халыққа қызмет көрсетеді.
Сапарға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің өкілі Магрипа Ембергенова мен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Жадыра Ахметова қатысты.
№36 қалалық емхананың директоры Гүлжайнат Тілеген қонақтарға медициналық ұйымның жұмысын таныстырып, әмбебап-прогрессивті патронаж үлгісінің енгізілу барысы туралы баяндады. Делегация патронаждық медбикелердің күнделікті тәжірибесімен танысып, цифрлық шешімдердің қолданылуын бағалады және медициналық деректі жинау мен жүргізу қалай ұйымдастырылғанын көрді.
Мамандар емхананың жабдықталуына ерекше назар аударды: оларға пациенттің үйіне бару кезінде қолданылатын медициналық сөмке, диагностикалық құрал-жабдық пен түрлі аспаптар таныстырылды.
Әмбебап-прогрессивті патронаж үлгісі жүкті әйелдерді, жаңа туған нәресте мен ерте жастағы балаларды қауіп деңгейіне қарай тұрақты бақылауды көздейді. Бұл тәсіл ауытқуды дер кезінде анықтауға, алдын алу шараларын жүргізуге, ата-ананы бала күтімі дағдыларына үйретуге және медициналық көмектің қолжетімдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, бұл үлгі еліміздегі барлық емханада, соның ішінде №36 қалалық емханада да енгізілген және, әсіресе, ана мен бала денсаулығын қорғау саласында, медициналық-санитариялық алғашқы көмектің міндетті стандарты болып саналады.
Мұндай сапарлар алдағы уақытта халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстандағы МСАК жүйесін одан әрі жетілдіруге оң ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1192399?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау