Жыл сайын 2 сәуірде бүкіл әлемде аутистік спектрдегі бұзылыстар (АСБ) туралы ақпаратты тарату күні атап өтіледі. Бұл күннің негізгі мақсаты – қоғамның хабардарлығын арттыру, қабылдау мәдениетін қалыптастыру және даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау.
Аутизм – денсаулық сақтау мен әлеуметтік саясат саласындағы жаһандық маңызы артып келе жатқан мәселе, өмір бойы сақталатын жағдайларға жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, әлемде әрбір 100 баланың шамамен 1-інде АСБ диагнозы бар.
2026 жылы динамикалық бақылауда аутистік спектрдегі бұзылыстары бар 17 196 бала тіркелген. Көрсеткіштердің өсуі, ең алдымен, диагностиканың жақсаруымен, ерте анықтау бағдарламаларының кеңеюімен және медициналық көмектің қолжетімділігінің артуымен байланысты.
Қазақстанда АСБ бар балаларға көмек көрсетудің бірыңғай маршруты қалыптастырылған. Ол 16 айдан 30 айға дейінгі балаларда аутизмді ерте анықтаудан бастап, кешенді көмек көрсету, оңалту, білім беру және әлеуметтік бейімдеуге дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Денсаулық сақтау жүйесінде диагностика M-CHAT-R скринингі арқылы жүргізіледі. Қазақстан Республикасында АСБ диагнозы тек 3 жастан бастап психиатр дәрігердің тарапынан қойылады. Айқын және ауыр белгілер байқалған жағдайда психикалық денсаулық орталықтарында мамандандырылған көмек (дәрі-дәрмекпен емдеу және стационарлық ем) көрсетіледі.
АСБ кезінде түзету көмегі симптомдардың айқындылығын төмендетуге және өмір сапасын арттыруға бағытталған. Әлемде негізгі емдеу әдісі ретінде психологиялық-педагогикалық және мінез-құлықтық терапия танылған.
Медициналық оңалту көмегін 80 оңалту орталығы, оның ішінде 20-і – ерте араласу орталығы көрсетеді.
Әлеуметтік қорғау жүйесінде 8 күндізгі болу орталығы, ал білім беру жүйесінде АСБ бар балаларға арналған 11 түзету орталығы жұмыс істейді.
Әрбір бала мен оның отбасының қажеттіліктерін ескере отырып, жеке тәсілді енгізуге, сондай-ақ көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ерекше назар аударылуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1192936?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау