2026 жылғы 2 сәуірде Маңғыстау облысының білім басқармасының Мұнайлы ауданы бойынша білім бөлімінің «Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде мұғалімдерге арналған түсіндірмелік кездесу өткізілді.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Іс-шараның басты мақсаты – білім беру саласы қызметкерлеріне дін тақырыбындағы өзекті мәселелерді түсіндіру, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы қауіптердің алдын алу жолдарын қарастыру болды.

Кездесу барысында ең алдымен қатысушылармен кері байланыс орнатылып, биылғы жылы дін тақырыбына қатысты қандай мәліметтер естігендері жөнінде пікір алмасты. Бұл бөлім мұғалімдердің тақырып бойынша бастапқы түсінігін анықтауға мүмкіндік берді.

Кездесудің негізгі бөлімінде спикер Бақтыгүл Мақсотовна «Мемлекеттік қызметкерлер және дін мәселелері» тақырыбында мазмұнды презентация ұсынды. Ол өз сөзінде миссионерлік қызметтің ерекшеліктеріне тоқталып, деструктивті діни ағымдардың қоғам үшін қауіпті тұстарын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы діни экстремизм тақырыбы қозғалды. Спикер жасөспірімдердің мұндай теріс ықпалға түсу белгілерін атап өтіп, олардың алдын алу үшін ең алдымен ата-ана мен мұғалім тарапынан қамқорлық пен жылулықтың маңызы зор екенін жеткізді. Әр баланың ішкі әлеміне үңіліп, оның қандай да бір бөгде идеологияның ықпалына түспеуін қадағалау қажеттігі ерекше атап өтілді.

Кездесу барысында сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеушілерге қатысты діни көзқарастың күшеюі және кей жағдайларда оның теріс бағытта қалыптасуы мәселелері де сөз болды. Бұл бағыттағы мысалдар арқылы спикер дінді дұрыс түсіндірудің және ақпараттың сенімді көздерден алынуының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы QR-код арқылы сауалнама ұсынылып, мұғалімдер өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, қағаз түріндегі бланктер де таратылып, кері байланыс алу жұмыстары жүргізілді. Белсенділік танытып, өз ой-пікірін білдірген қатысушылардың ішінен бір адамға арнайы сыйлық табысталды.

Кездесу соңында мұғалімдер өз әсерлерімен бөлісіп, мазмұнды пікірлерін білдірді. Қатысушылардың бірі:
«Шынын айтқанда, біздің білмейтініміз көп екен. Білгенімізді бөлісіп, бағыт-бағдар бергендеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Өзімізге қажетті көптеген ақпарат алдық. Қазіргі мектептерде кейбір оқушылардың дінге деген қызығушылығының артқанын байқаймыз. Бірде бір оқушы Наурыз мерекесінің салт-дәстүрге жат екені туралы сұрақ қойды. Мен оған Наурыздың ұлттық мереке екендігін, оның мән-мағынасын түсіндіріп, қате көзқарастарға сенбеу керектігін айттым. Осындай сұрақтар басқа оқушылар тарапынан да жиі туындайды», – деп өз ойын жеткізді.

Тағы бір мұғалім өз ұсынысын білдіріп:
«Бұрын мектептерде “Зайырлылық және дінтану негіздері” пәні оқытылатын. Кейін ол кітап түрінде шыққанымен, тілі оқушылар үшін ауыр болды. Есенов университетінде өткен кездесуде біз кітапты жеңілдету жөнінде ұсыныс айтқан едік, ол қолдау тапты. Дегенмен, бұл пәнді жүргізетін білікті мамандар жетіспейді. Оқушылардың сұрақтары өте көп, сондықтан бұл білімді сырттан емес, мектеп ішінде сапалы түрде бергеніміз дұрыс деп санаймыз. Осы бағытта арнайы дайындалған, білікті мұғалімдер қажет», – деді.

Жалпы, кездесу барысында көтерілген мәселелер мұғалімдерге дін саласындағы қауіптерді дер кезінде танып, алдын алу бағытында маңызды ақпарат берді. Іс-шара мазмұнды әрі пайдалы өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-udr/press/news/details/1193509?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version