Абай облысында 200-ден астам тұрғыны бар Қызылбұлақ ауылы кезекті алкогольсіз ауыл ретінде танылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай облысы, Мақаншы ауданы, Қызылбұлақ ауылы бүгінгі таңда өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Ауылдың «Алкогольсіз ауыл» мәртебесіне ие болуы — бұл жай ғана атақ емес, ауыл тұрғындарының саналы таңдауы мен ауызбіршілігінің нақты нәтижесі. Бұл бастама ең алдымен халықтың денсаулығын нығайтуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және болашақ ұрпақтың жарқын өмірін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Қызылбұлақ ауылының тұрғындары бұл жетістікке бірліктің, өзара түсіністіктің және ортақ мақсатқа деген жауапкершіліктің арқасында қол жеткізді. Ауыл халқының айтуынша, бұл мәртебе олар үшін үлкен мақтанышпен қатар жауапкершілік жүктейді. «Біз, Қызылбұлақ ауылының тұрғындары, салауатты өмір салтын таңдадық. Бұл — біздің болашаққа деген сенімді қадамымыз. Біз келер ұрпаққа дұрыс бағыт көрсетуді өзіміздің басты міндетіміз деп білеміз. Бірлігіміз бен ауызбіршілігіміздің арқасында ауылымызда тыныштық пен береке орнап отыр», — дейді ауыл тұрғындары.

Бүгінде ауылда 210 тұрғын, 56 аула, бір фельдшерлік пункт және 11 жылдық мектеп халық игілігіне қызмет етуде. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Әсіресе мектеп пен медициналық пункт ауылдың тіршілігінде маңызды рөл атқарып, жастардың білім алуына және халықтың денсаулығын нығайтуға жағдай жасап отыр. Ал ауылдағы дүкен сөресінде бірде бір ішімдік сатылмайды.

Ауылдағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Скендіров Ақжол Жайлаубекұлы бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтеді: «Алкогольсіз өмір салты — бұл тек жеке адамның таңдауы ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына әсер ететін маңызды фактор. Қызылбұлақ тұрғындарының бірлігі мен белсенділігі — ауылдағы тәртіп пен тыныштықтың кепілі. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз және алдағы уақытта да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргіземіз», — дейді ол.

Ауылдың дамуы мен тұрақтылығы жергілікті басқару жұмысының тиімділігімен де тығыз байланысты. Ауыл әкімі Касенов Кабыл Сабырұлы бұл жетістіктің ең алдымен халықтың ынтымағы мен сенімінің нәтижесі екенін атап өтті: «Қызылбұлақ ауылының «Алкогольсіз ауыл» мәртебесіне ие болуы — тұрғындардың бірлігі мен саналы көзқарасының айқын дәлелі. Біздің мақсатымыз — ауылымызды одан әрі дамыту, әрбір тұрғынға қолайлы орта қалыптастыру және жастарға жарқын болашақ сыйлау. », — деді әкім.

Бүгінде Қызылбұлақ ауылында тәртіп пен тыныштық орнығып, жастар спортқа, білімге және қоғамдық өмірге белсенді араласуда. Отбасылық құндылықтар нығайып, ауыл тұрғындары арасында өзара сыйластық пен сенім қалыптасқан. Мұндай жетістік — тек бір ауылдың ғана емес, тұтас қоғам үшін үлгі боларлық тәжірибе.

Қызылбұлақ ауылының бұл бастамасы басқа елді мекендерге де ой салып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын көрсетеді. Ауыл тұрғындарының саналы таңдауы мен бірлігі — тұрақты дамудың және жарқын болашақтың негізі.

 Салауатты өмір — саналы ұрпақтың кепілі. Қызылбұлақ — бірлік пен жарқын болашақтың нақты үлгісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1193245?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version