Абай облысында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жолда өзін дұрыс ұстау мәдениетін қалыптастыру бағытында қауіпсіздік сабағы өтті. Семей қаласының №51 жалпы орта білім беретін мектебінде ұйымдастырылған бұл профилактикалық кездесу бастауыш сынып оқушыларына арналды және 400-ге жуық бала қамтылды.
Шараның маңызды бөлігінің бірі – құқық қорғау органы өкілінің түсіндіру дәрісі болды. Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры Данияр Нүрпейісов жол қауіпсіздігінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде:
«Жол – баршамызға ортақ кеңістік. Әрбір қадамдарың қауіпсіз әрі саналы болуы тиіс. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – тек талап емес, бұл өз өмірлеріңді қорғаудың ең қарапайым әрі тиімді жолы. Сендердің бүгін үйренген әрбір ережелерің ертеңгі қауіпсіз болашақтарыңның кепілі», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, ол балаларға жаяу жүргіншілерге арналған негізгі талаптарды, бағдаршам белгілерінің маңызын, жолды кесіп өту кезінде сақталатын қауіпсіздік шараларын қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізді. Мұндай тікелей байланыс балалардың сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелерге жауап алуына мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында оқушылар белсенділік танытып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, жол қозғалысы ережелеріне қатысты білімдерін ортаға салды. Бұл өз кезегінде олардың тақырыпқа деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1193229?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау