Абай облысы Полиция департаментіне 137 жаңа қызметтік автокөлік берілді. Бұл өңірдің қауіпсіздік жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Жалпы, өткен жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан полиция қызметінің әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, қажетті қаржы бөлінді. Соның арқасында арнайы техникалық құралдар сатып алынып, заманауи талаптарға сай инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастыру жүзеге асырылуда.
Берілген автопарк құрамына заманауи KIA Cerato, Hyundai Elantra, JAC және Chevrolet Cobalt маркалы көліктер кіреді. Сонымен қатар, жаңа техниканың қатарында 8 автобус бар, бұл бұқаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерінің икемділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қоғамдық тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және олардың жұмыс сапасын арттыру – уақыт талабы.
– Сіздер тұрғындардың тыныш ұйықтауы үшін аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Мемлекет басшысы полиция қызметкерлеріне қоғамда әділеттілік қағидаларын сақтау сияқты жауапты міндет жүктеді. Сіздердің қырағылықтарыңыз бен жауапкершіліктеріңіздің арқасында Абай облысында құқық бұзушылықтар саны 18%-ға төмендеді, – деп атап өтті Берік Уәли.
– Мемлекет полиция қызметкерлерін қолдап, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгін біз тәртіп сақшыларына 137 автокөліктің кілтін тапсырып отырмыз. Бұл тек материалдық базаны жаңарту ғана емес – қоғамдық тәртіпке деген қамқорлық. Сіздер азаматтардың құқықтарын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етесіздер. Анттарына адал болғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деп атап өтті өңір басшысы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1193248?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау