Қызылорда облысының Полиция департаменті тұрғындарға жеке мүліктің сақталуына мұқият қарау қажеттігін ескертеді.
Азаматтардың жеке мүлкін қараусыз қалдыруы ұрлық қылмыстарының орын алуына негізгі себеп болып отыр. Велосипедтер мен балалар арбаларын құлыптамай, көпқабатты тұрғын үйлердің подъездерінде, аулаларда немесе сауда орындарының алдында қалдыру фактілері жиі кездеседі және бұл жағдайлар мүліктің жоғалуына әкеп соғады. Жаздың жаймашуақ күндері қала тұрғындарын велосипедке отырғызып, таза ауада серуендеуге шабыттандырады. Алайда дәл осы мезгіл екі дөңгелекті көліктерді ұрлайтындар үшін де “қолайлы маусым”. Мұндай қылмыстардың басты себебі — велосипед иелерінің өз мүлігінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы, ал көп жағдайда ұрланған көліктерде сәйкестендіру белгілерінің болмауы полиция жұмысына кедергі келтіреді.
Осыған байланысты Қызылорда облысының Полиция департаменті тұрғындарға велосипедтерді міндетті түрде арнайы құлыппен бекітуді, мүлікті қараусыз қалдырмауды, балалар арбаларын тұрақты бақылауда ұстауды, сондай-ақ мүмкіндігінше бейнебақылау камералары бар орындарға қалдыруды және велосипедтерге сәйкестендіру белгілерін енгізуді ұсынады.
Полиция департаменті азаматтарды қырағылық танытып, жеке мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1193192?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау