Түркістан облысы ПД бастығы тұрғындармен кездесу өткізді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров тұрғындармен кездесіп, өткен жылдың жұмысын қорытындылады. Бұл жолы генерал ресми мінберден емес, халықпен қатар отырып, ашық диалог форматында есеп берді. Осылайша жиналған көпшілікпен бір деңгейде пікір алмасу алаңы қалыптасты.
Алдымен құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша дайындалған бейнеролик көрсетілді. Атап айтқанда, облыста 4 539 құқық бұзушылық тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға төмендеген. Аса ауыр қылмыстар 32,1%-ға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 8,3%-ға, қарақшылық деректері 100%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 26,8%-ға азайған.
Мал ұрлығы 13,8%-ға төмендеп, 56 адамнан тұратын 19 қылмыстық топ ұсталды. Олар 47 мал ұрлығы дерегіне қатысы бар болып шықты. Жалпы ұрланған 615 бас малдың 474-і иелеріне қайтарылды. Одан әрі департаменттің бастығы А.Заппаров 2026 жылдың алғашқы екі айында атқарылған жұмыстарды баяндап, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыспен күрес және тұрғындармен кері байланыс орнату бағытындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қабылданған шаралар мен алдағы жоспарлар айтылып, тұрғындар “Заң мен тәртіп” қағидатын бірлесіп сақтауға шақырды. Кездесу барысында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, тұрғындардың көкейіндегі өзекті мәселелер көтерілді. Полиция басшысы азаматтардың сауалдарына толыққанды жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жауапты полиция басшыларына тапсырмалар жүктеді. Мәселен, “Әдемі әйел” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мөлдір Нұрман Келес, Шардара, Сарыағаш аудандарында өсетін кеурек өсімдігінің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, оны қорғау мәселесін көтерді.
Сонымен қатар бопсалаушы блогерлерге қатысты қатаң шаралар көрілуі керек екенін алға тартты. Өз кезегінде генерал тікелей тапсырмалар беріп, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарға қоғам белсенділерін тартып, бірлесе атқарылған жұмыстарды көрсету қажеттігін атап өтті. Мақтаарал ауданының белсенді тұрғыны полицейлердің қызметтік көліктерін жаңарту мәселесін көтерді. Жиын барысында бұзақылық қылмыстары, азаматтық істер және өңірлік мекемелердің қызметіне қатысты өзге де сұрақтар қойылды.
Кездесуге қатысушылар ашық форматтағы мұндай жиындардың халық пен полиция арасындағы сенімді нығайтуға оң әсер ететінін атап өтіп, алғыстарын білдірді. Жиын соңында ақсақалдар ақ батасын беріп, ішкі істер органдары қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1193314?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау