Астана қаласындағы Есіл өзенінің жағасында «Еліміздің өңірлеріндегі су айдындарында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда» тақырыбында көшпелі брифинг өтті. Іс-шара аясында ТЖМ құтқарушыларының қатысуымен Есіл өзені бойында патрульдеу жүргізілді.
Көктемгі кезеңде су айдындарындағы мұз ерекше қауіпті болады. Ол сырттай берік көрінгенімен, өзінің беріктігін жоғалтады. Жыл сайын дәл осы уақытта жазатайым оқиғалар саны артады. Қазіргі уақытта оңтүстік өңірлерде су айдындарындағы мұз еріп кеткен, ал басқа өңірлерде мұз босап, мұз жүруі байқалады.
Қысқы кезең басталғалы бері (2025 жылғы қарашадан) құтқарушылар су айдындарында 30 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жұмыстарын жүргізді. ТЖМ қызметкерлері профилактикалық жұмыстар жүргізіп, 105 мыңнан астам азаматпен түсіндіру әңгімелерін өткізді, 50 мың балықшыға нұсқама берілді. Профилактикалық іс-шаралар барысында құтқарушылар азаматтарға мұзға шығудың қауіптілігі туралы ескертіп, қауіпсіздік ережелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Заманауи техникамен жарақтандыру және құтқарушылардың үйлесімді жұмысының арқасында қысқы кезең басталғалы бері 40 адам, оның ішінде 15 бала құтқарылды. Бұл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, 2025–2026 жылғы маусымда 8 жазатайым оқиға тіркелгенін атап өткен жөн.
ТЖМ жедел-құтқару бөлімшелері материалдық-техникалық базаны нығайтуды жалғастыруда. Заманауи аэроқайықтар, катерлер, қарда жүретін көліктер, квадроциклдер және арнайы авариялық-құтқару техникалары су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін белсенді қолданылуда. Жаңа техниканы қолдану құтқарушыларға су айдындарын жылдам тексеруге, жұқа мұз басқан қауіпті учаскелерді анықтауға және төтенше жағдайларға уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Өтімділігі жоғары және мобильді техника жетуі қиын жерлерге жетуге мүмкіндік беріп, құтқару операцияларының тиімділігін арттырады.
Еске саламыз: мұз қату және мұз еру кезеңінде мұзға шығуға қатаң тыйым салынады.
ТЖМ қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады:
▪️ жұқа және берік емес мұзға шықпаңыз
▪️ бір жерде топпен жиналмаңыз
▪️ жарықшақтарға, ойықтарға жақындамаңыз
▪️ ресми өткелдерден тыс жерлерде мұзға автокөлікпен шықпаңыз
Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1193347?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау