Ақтау қаласында 2010-2011, 2013-2014 және 2015-2016 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында «Жас батыр кубогы» республикалық самбо турнирі өтті.
Турнирге Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен, сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана және Шымкент қалалары мен еліміздің 6 облысынан 300-ден астам жас спортшы қатысуда, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жарыстың басты мақсаты – самбоны дамыту, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спортшыларға тәжірибе алмасу мүмкіндігін беру. Іс-шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Бақбергенұлы, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары спорт жетістіктері бөлімінің басшысы Сұңғат Жұбатқан және облыстық самбо федерациясының вице-президенті Игілік Сырлыбекұлы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша 1, 2 және 3 орын алған спортшыларға Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағын алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жас самбошылардың кәсіби деңгейде дамуына үлкен серпін береді.
Айта кету керек, «Жас батыр» кубогы биыл оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Осы жылдар ішінде турнир жас таланттарды анықтап, олардың спорттағы жетістіктерге жетуіне жол ашқан маңызды алаңға айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1194056?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау