Әскери қатынастар мамандарының кәсіби мерекесі 1994 жылғы 5 сәуірден бастау алады. Дәл осы күні Қазақстан Үкіметі әскери теміржол, теңіз, өзен және әуе тасымалдарына қатысты Жарғыны бекіткен болатын.
Әскери қатынастар органдарының негізгі міндеттеріне жеке құрамды, қару-жарақ пен әскери техниканы оқу-жаттығуларға, жиындарға, әскери парадтарға, сондай-ақ бітімгерлік миссияларға жеткізу кіреді. Сонымен қатар, әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді бөлімдерге жөнелту және төтенше жағдайларды жоюға қатысатын әскери қызметшілерді тасымалдау да осы сала мамандарының жауапкершілігінде.
Әскери қатынастар мамандарын оқыту Материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскери академиясында (Санкт-Петербург қ.) жүзеге асырылады. Осы бейіндегі запастағы офицерлерді Алматы логистика және көлік институты әскери кафедрасының базасында даярлайды. Одан басқа, «Шошқалы», «Жетісу», «Майлин» және «Әли» полигондарында әскерлерді тасымалдауды оқытуға арналған оқу-жаттығу орындары жабдықталған.
Жинақталған тәжірибе мен қалыптасқан өзара іс-қимыл жүйесі әскери қатынастар органдарына Қорғаныс министрлігі жүктеген міндеттерді жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, «Бекет-2025» оқу-жаттығуы аясында Қазақстан темір жолы арнайы бөлімшелерімен бірлесіп, бірқатар практикалық эпизодтар жүзеге асырылып, әскери уақыттағы жұмысқа дайындық деңгейі тексерілді.
Сонымен қатар, Самұрық-Қазына және «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне демалыс кезінде жылына бір рет екі бағытта теміржол көлігімен тегін жүру мүмкіндігі берілді.
Мереке қарсаңында Астанада салтанатты жиын өтіп, оған сала мамандары мен қызмет ардагерлері қатысты.
Іс-шара барысында қонақтарға әскери қатынастар органдарының қызметі туралы бейнеролик ұсынылды.
Жиында штаб бастығы – Қарулы күштер Тыл бастығының бірінші орынбасары полковник Заңғар Омаров құттықтау сөз сөйлеп, бұл саланың Қарулы күштер жүйесіндегі маңызын атап өтті.
Ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәжірибе мен кәсіби шеберлік әскери қатынастар органдары офицерлеріне көлікпен қамтамасыз ету міндеттерін сапалы орындауға мүмкіндік беретінін айтып өтті.
– Әскери қатынастар органдары әскерлердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге, олардың ұтқырлығы мен жауынгерлік әзірлігін арттыруға елеулі үлес қосып келеді. Жеке құрам әскери тасымалдарды ұйымдастыру мен қатынас жолдарын дайындау міндеттерін абыроймен атқарып жүр, – деді ол.
Сонымен қатар, Әскери қатынастар бас басқармасының бастығы подполковник Берік Өтепов қызметтің соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталды.
Мерекелік жиында сала ардагерлері марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды. Кездесу соңында Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, кештің көркін қыздырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1194047?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау