Абай облысы, Ақсуат ауданы, Қожагелді батыр атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы, дарынды шәкірт Мұрат Саянның шығармашылық ізденісі – жас ұрпақтың рухани әлеміндегі жарқын құбылыс.
Жас қаламгер өзінің асыл атасы, еңбек ардагері Мұрат Базарұлы Сүйімбаевтың тағылымға толы ғұмыр жолын арқау етіп, «Өнегелі өмір иесі» атты мазмұнды танымдық естелік кітабын жарыққа шығарды. 152 беттен тұратын бұл еңбек – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресіндей әсер қалдыратын тағылымды туынды.
Кітап мазмұнына ардагердің замандастары мен аудан ақсақалдарының жүрекжарды естеліктері, арнау өлеңдер мен жоқтаулар, сондай-ақ автордың өз қолымен жазған сырлы толғаныстары енгізілген. Әсіресе, Саянның жүрек түкпірінен туған «Ата», «Менің қос бәйтерегім», «Атама», «Мұрат Базарұлына арнау» атты өлеңдері немере жүрегіндегі шексіз құрмет пен сағыныштың көркем көрінісі болып табылады.
Бұл құнды еңбек Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан жарық көріп, оқырман қауымға жол тартты. Саянның қаламынан туған мақалалар мен өлеңдер аудандық, облыстық басылымдарда ғана емес, республикалық «Сана және Сала» журналында да жарияланып, жас таланттың шығармашылық қарымын айқындай түсті.
Бұл еңбек – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған, өткеннің өнегесін бүгінгі күнге аманаттаған шынайы рухани мұра. Жас автордың бұл бастамасы – келешекке бағытталған кемел қадам, жүректен туған шынайы ойдың жарқын үлгісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aksuat-bilim/press/news/details/1194070?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау