Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Түркия Республикасының Анталия қаласында өткен VIII халықаралық этноспорт форумына қатысты.
Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырған форумға 29 елдің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, спорт федерацияларының өкілдері және сарапшылар қатысты. Форум барысында дәстүрлі спорт түрлерін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және Ethnosports 2027 мультиспорттық жобасына дайындық мәселелері талқыланды.
Форум аясында министр «Әлемдік деңгейдегі дәстүрлі спорт түрлері» тақырыбындағы панельдік сессияда сөз сөйлеп, этноспорт саласында ірі халықаралық іс-шараларды өткізу елдің танымалдығын арттырып, халықаралық беделін нығайтуға және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ дәстүрлі спорт түрлері мәдени мұра мен ұлттың бірегейлігінің маңызды бөлігі екені ерекше айтылды. Е. Мырзабосынов Қазақстанда ұлттық спорт түрлері ресми түрде олимпиадалық спорт түрлерімен теңестіріліп, басым бағыт ретінде айқындалғанын жеткізді. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық спорт университеті базасында ұлттық спорт түрлерінен мамандар даярлау және оқыту бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Министр форум аясында бірқатар кездесу өткізді. Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанмен кездесуде ұйымның дәстүрлі спорт түрлерін сақтау және дамытудағы рөлінің маңызды екені айтылды. Қазақстан Ethnosports 2027 дүниежүзілік ойындарын өткізу бастамасын қолдап, осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.
Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтяревпен өткен келіссөздерде спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, министр Ресей спортшыларын 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойындары» халықаралық турниріне қатысуға шақырды.
Түркия Республикасының Жастар және спорт министрі Осман Ашкын Бакпен кездесуде спорт саласындағы әріптестікті нығайту әлеуеті, оның ішінде тәжірибе алмасу, бірлескен іс-шаралар өткізу және спорттың заманауи форматтарын дамыту мәселелері сөз болды. Қазақстан тарапы форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтты.
Форум аясында Қазақстанда ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау мәселелері де айтылды. Қазіргі таңда елімізде ұлттық спорттың 11 түрі ресми түрде дамытылып, 23 мамандандырылған клуб, 16 ипподром және 14 арнайы спорт мектебі жұмыс істейді.
VIII этноспорт форумына қатысу Қазақстанның дәстүрлі спорт түрлері саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтып, ұлттық спорт мұрасын әлемдік деңгейде ілгерілету жолындағы маңызды қадам болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1194080?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау