Қазақстанда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Ата-ана академиясы» жобасы қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Жоба отбасы институтын нығайтуға, ата-аналардың тәрбие жөніндегі білімін арттыруға және жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
2026 жылы жоба аясында ел бойынша 40 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Қатысушылар қатарында ата-аналармен бірге педагогтер мен әлеуметтік қызмет мамандары бар.
Жоба алғашқы оң нәтижелерін де көрсетті. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды және Ақмола облыстарында 30-дан астам білім беру іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 1000-нан астам адам қатысты.
«Ата-ана академиясы» дәріс, тренинг, семинар, шеберлік сабақтары сияқты оқыту түрлерін заманауи тәсілдермен ұштастырады. Сонымен қатар ataana.kz жаңартылған онлайн-платформасы арқылы ата-аналар заңгер, дәрігер, психолог және қауіпсіздік саласының мамандарынан кеңес алып, қажетті оқу материалдарына қол жеткізе алады.
Жоба аясында отбасылық өмірге психологиялық тұрғыда дайындық, қаржылық сауаттылық, балалардың қауіпсіздігі, сондай-ақ отбасыдағы жауапкершілік пен өзара түсіністікті қалыптастыру мәселелеріне басымдық беріледі.
Сонымен қатар ата-аналар мен педагогтерге арналған әдістемелік материалдар әзірленіп, жетекші сарапшылардың қатысуымен подкасттар дайындалуда. Бұл бастамалар саналы ата-ана болуды кеңінен насихаттауды мақсат етеді.
«Ата-ана академиясы» жобасы Қазақстанда берік отбасылық құндылықтарды нығайтуға өз үлесін қоспақ. Жыл соңына дейін 40 мыңнан астам адамды қамту көзделіп отыр.
Елімізде отбасы саясатын жүзеге асыру аясында отбасы институтын қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар да қатар жүргізілуде. Осы бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігі БҰҰ-ның Халық қоныстануы саласындағы қорымен бірлесе «Отбасыға қолайлы жұмыс орны» жобасын жүзеге асыруда. Жоба еңбек пен отбасы міндеттерін ұштастыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
2026 жылы мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілерге арналған оқыту бағдарламасы іске қосылып, отбасыға тиімді тәжірибелерді енгізу және ата-аналарды қолдайтын корпоративтік мәдениетті дамыту көзделген.
Сонымен қатар еліміз бойынша 152 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олар қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады. 2026 жылдың басынан бері орталықтарға 10 мыңға жуық өтініш түсіп, 5 мыңнан астам отбасы кеңес алды, тағы осынша отбасыға тұрақты түрде қолдау беріліп отыр.
Бұл орталықтар мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, отбасы құндылығын бекітуге, қоғамдағы қауіп-қатердің алдын алуға және қиын жағдайдағы отбасыларға қолдау көрсетуге қызмет етеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1195033?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау