Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов «№7 IT лицей-мектептің» оқу залында аудандық білім бөлімінің «TAGYLYM» алаңында ауданға қарасты 69 білім ошағының бітіруші түлектерімен кездесіп, жас буынмен еркін пікір алмасты.
Жиын барысында аудан басшысы жүрекке жылы тиетін мектеп жылдарындағы естеліктерін әңгімелеп, сол бір балалық шағында бойына сіңген көшбасшылық қасиеті, білімге деген құштарлығы мен елгезектігі бүгінде өмірлік бағдаршамына айналғанын әсерлі жеткізді.
Кездесудің ерекше бір әсерлі сәті – алғашқы ұстазы Райгүл апаймен жүздесуі болды. Ұстазына деген шексіз құрметін білдірген Еркеғали Амантайұлы гүл шоқтарын табыстап, шәкірттік ізеттің жарқын үлгісін көрсетті.
Келелі басқосуда жас түлектер үшін аса маңызды тақырыптар – мамандық таңдау, өмірлік жолды дұрыс айқындау, адаспай өз орнын табу мәселелері кеңінен қозғалды. Аудан әкімі өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарды биік мақсат қойып, сеніммен алға қадам басуға үндеді.
Бұл кездесу жас буынға бағыт-бағдар беріп, жүректеріне үміт пен жігер ұялатқан тағылымы мол сәт ретінде есте қалды. Кездесу соңында аудан әкімі жастармен естелікке суретке түсіп, жиынға қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау