Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиынның басты мәселелерінің бірі – «KIOSH-2026» 14-ші қазақстандық халықаралық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік конференциясы мен көрмесіне дайындық барысы болды.
Іс-шара 2026 жылғы 28–30 сәуір аралығында Астана қаласындағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтеді. Ол дәстүрлі түрде мемлекеттік органдар, бизнес, кәсіподақтар, халықаралық ұйымдар өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының ашық диалогына арналған негізгі алаңға айналмақ.
Кеңес барысында алдағы конференцияның басты бағыты – еңбек қауіпсіздігі саласына цифрлық шешімдерді интеграциялау болатыны атап өтілді. Атап айтқанда, еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасының жұмысын және оны одан әрі дамытуды, сондай-ақ қауіпсіздікті превентивті басқарудағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін таныстыру жоспарлануда.
KIOSH-2026 бағдарламасы 100-ден астам компания мен жетекші халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтетін панельдік сессияларды, «Vision Zero» тұжырымдамасын талқылауды, сондай-ақ жастарды тарту және еңбекті қорғау саласындағы мамандықтарды дәріптеу бойынша жеке блокты қамтиды.
Конференцияға дайындықтан бөлек, кеңесте арнаулы әлеуметтік қызметтер саласында жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу мәселелері, сондай-ақ басым нормативтік құқықтық актілердің іске асырылу барысы қаралды. Министр Асқарбек Ертаев өңірлік жұмыспен қамту карталарының тиімді орындалуын ерекше қадағалауды және барлық бақылаудағы тапсырмалар бойынша орындаушылық тәртіпті күшейтуді тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1194560?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау