Қорғаныс министрлігінің Қызылорда облысындағы әскери-патриоттық акциясы бес жарым мың адамды қамтыды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Қызылорда облысының елді мекендеріндегі әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы ауқымды жұмыстарын аяқтады. Іс-шараларға  мектеп оқушыларын, студенттер мен жұмысшы жастарды қосқанда бес жарым мыңдай адам қатысты.
Шиелі ауданында қорғаныс ведомствосының офицерлері Ыбырай Алтынсарин атындағы № 219 және № 47 орта мектептердің белсенділерімен кездесті. Ыбырай мектебінде биылғы түлектердің бесеуі еліміздің әскери жоғары оқу орындарына түсуге шешім қабылдаған екен. Жоғары сынып оқушыларына әскери оқу орындарына түсу тәртібі жан-жақты түсіндіріліп, әскери қызметшілерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтылды.
– Бұл кездесу мен үшін өте пайдалы болды. Қажетті ақпараттың бәрін алдым. Ағам Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында оқиды. Мен де соның жолын қуғым келеді, – деді № 219 мектептің 11-сынып оқушысы Дәурен Абаев.
Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылындағы кездесу интерактивті форматта өтті. Оқушылар әскери қызметтің артықшылықтары туралы сұрақтарына нақты жауап алды. Мектеп ауласында ұйымдастырылған көрме де ерекше қызығушылық тудырды. Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Алматы филиалының Жауынгерлік даңқ музейі Ұлы Отан соғысына қатысқан қызылордалықтарға арналған экспонаттарды ұсынды. Қару-жарақ көрмесі де оқушылардың назарын аударып, заманауи әскери жабдықтармен танысуға мүмкіндік берді.
Іс-шаралар Жалағаш ауданындағы Оқушылар сарайы мен «Руханият» орталығында да өтті. Жастармен жүздесу әскери мамандыққа деген қызығушылықты көрсетті. Бұл жерде де әскери қызметті таңдауға ниеттілер саны көп болды.
Кездесулер барысында жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне, білім беру ұйымдарының басшылары мен оқытушыларына жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табысталды. Іс-шараларды Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасы сүйемелдеп отырды. Патриоттық әндер мен хореографиялық қойылымдар ерекше атмосфера қалыптастырып, елге деген мақтаныш сезімін арттырып, жастардың әскери қызметке қызығушылығын күшейтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1194121?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version