2026 жылы Сарыағаш қаласының аумағында заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандарды бұзу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Аталған нысандардың қатарында «Рамадан каналы» аумағында орналасқан, оған қоса құрылыс талаптары сақталмай және тиісті рұқсат құжаттарынсыз бой көтерген ғимараттар бар.
Құзырлы органдар тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде бірқатар кәсіпкерлердің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне қатысты заңнама талаптарын бұзғаны анықталды. Осыған байланысты заң аясында тиісті шаралар қабылдануда.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аталған жұмыстардың орындалу барысын бақылау мақсатында нысандарды аралап, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары қайта жүргізілді.
Кездесу барысында аудан әкімі:
— Барлық қызмет заң талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс. Сауда орындары мен су қорғау аймақтарына қатысты нақты заң нормалары бар. Кәсіпкерлерге белгіленген мерзімдер түсіндірілді. Ортақ келісімге келдік. Соңғы мерзім:10 сәуір. Бұған дейін екі ай уақыт берілді, — деп атап өтті.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге «Бөбек» базары аумағынан сауда орындары ұсынылғаны, бұл мәселе базар иесімен келісілгені атап өтілді. Аталған жұмыстардың орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байгабуловқа жүктелсе, үйлестіру және тікелей іске асыру Сарыағаш қаласының әкімі Айыпхан Ешанқұлға тапсырылды. Сонымен қатар, заңсыз нысандарды анықтау және тиісті шаралар қабылдау бағытында ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, төтенше жағдайлар бөлімі, су шаруашылығы мекемесі және аудандық полиция басқармасы бірлесіп жұмыс атқаруда. Аталған мәселелер тиісті хаттамаға енгізілді.
Айта кетсек, кәсіпкерлерге 2026 жылдың ақпан айында алдын ала ескерту жасалып, 20 наурызға дейін жеңіл конструкциялы нысандарын өз еркімен алып тастау ұсынылған болатын. Белгіленген мерзімде талаптар орындалмаған жағдайда, бұзу жұмыстары жергілікті атқарушы орган тарапынан жүзеге асырылатыны ескертілген.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1195026?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау