16 қаңтар күні Казталов ауылы аумағындағы Қарасу тоғанында шаңғы тебу маусымының ашылуына орай шаңғы биатлонынан аудандық жарыс ұйымдастырылды.
Жарыс «Айбын» спорт клубының ұйымдастыруымен өтіп, оған аудан орталығындағы түрлі мекемелерден құралған командалар мен жеке спортшылар қатысты. Айта кету керек, шаңғы биатлоны Казталов ауданында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына «Айбын» спорт клубы ұжымының қосқан үлесі зор.
Маусымның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев қысқы спорт түрлерінің, оның ішінде шаңғы тебудің адам денсаулығын нығайтудағы маңызына тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс барысында спортшылардың жылдамдығы мен мергендігі сынға түсті. Оқушылар арасындағы жарыста Әлем Беғали үздік нәтиже көрсетіп, мәреге бірінші болып жетті. Жеке дара шаңғышылар арасында Елнұр Есполов мергендігімен ерекшеленіп, жеңімпаз атанды.
Командалық эстафеталық жарыста Казталов мектеп-лицейінің командасы жоғары шеберлік танытып, бірінші орынды иеленді. Ал пневматикалық мылтық ату сайысында Алма Оразбаева атындағы білім ордасының спортшылары топ жарып, осы жарыста Жасұлан Құлқайыров «Сұрмерген» атағына ие болды. Жалпы командалық есеп бойынша да Казталов мектеп-лицейі жеңімпаз атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орын иегерлері медальдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kaztalovka/press/news/details/1194653?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау