Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірдің өндірістік әлеуетін көтеру мақсатында облыстың барлық аудан және қалаларында 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаң құрылып, жаңа жобаларды іске қосу жұмыстары атқарылуда.
Шағын өндірістік парктерді іске асыру барысы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбекпен өткен жиында талқыланды. Жиын барысында жобаны іске асыру кезеңдері және инфрақұрылымдық қолдау мәселелері жеке-жеке қаралды. Аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Қанат Қайыпбек жауапты басшыларға бақылауды күшейтуді және жобалардың мерзімінде іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, шешуді міндеттеді.
Бүгінгі таңда 80-ге жуық өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Нәтижесінде 136,3 млрд теңгеге 32 жоба іске қосылды. Өндірістік ғимараттарда құрылыс материалдарын шығару, жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, химия саласы, сондай-ақ дрондар, бейнекамералар және тұрмыстық техника өндірісі іске қосылмақ.
Жалпы бұл жобалардың инвестициялық құны 192 млрд теңгеге жетпек. Нәтижесінде 5 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылып, болжаммен жылына 96 млрд теңге импротты алмастыру өнімдері өндіріледі.
Шағын өндірістік парктерді дамыту өңір экономикасын күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік береді.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау