Кейде армандар жай ғана арман болып қалмай, бүкіл өмірдің ісіне айналады. Ол бала кезінен-ақ кім болғысы келетінін білді, әрдайым алғаш болып көмекке келетін полиция қызметкері болуды армандады. Міне, бүгінде сол бала күнгі арманына адал болып, Өтеген Биарыстанов Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде 20 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол — патрульдік полиция батальонының инспекторы. Ол үшін қызмет — жай ғана жұмыс емес, бұл — өзгенің өмірі үшін жауапкершілік. Қызмет жолында түрлі жағдайлар болды. Ондай сәттер ұмытылмайды. Ол 2007 жылы болған бір оқиғаны ерекше еске алады. Қызмет барысында күтпеген жағдайда босануға көмектесуге тура келген. Дайындықсыз, бірақ әр әрекетінің адам өміріне әсер ететінін түсіне отырып, батылдық пен сабырлық танытты. Сол күні осы әлемде тағы бір сәби дүниеге келді — полиция қызметкерінің ерлігі мен табандылығының арқасында. Сондай-ақ, ол қыстың қақаған аязындағы кезекшіліктерді де ұмытпайды. Бірде әріптесімен бірге боран кезінде жылынбақ болып, көмірқышқыл газынан уланып қалған жүк көлігінің жүргізушісін құтқарып қалған. Ол кезде әр минут маңызды еді. Дәл сол сәтте олардың батыл шешімі мен үйлесімді әрекеті адамға екінші өмір сыйлады. Мұндай оқиғалар ресми есептерде жазыла бермейді. Алайда дәл осындай сәттер шынайы қызметтің мәнін айқындайды. 20 жыл ішінде көп нәрсе өзгерді. Бірақ ең бастысы өзгерген жоқ — ол мамандығына деген адалдығы және кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуы. Бұл жай ғана форма емес. Бұл — саналы таңдау. Бұл — тұтас бір өмір жолы. Осындай жандардың арқасында қоғам қауіпсіз, ал ертеңгі күнге деген сенім нық.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1194547?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау