143 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ АЛҚАП: КЕЛЕСТЕ ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС ЖОСПАРЫ БЕКІТІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевмен бірге өңірдегі фитосанитарлық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңейтілген жиын өткізді.
Жиын барысында 2026 жылы аудан аумағында үйірлі шегірткелерге қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу және алдын алу іс-шараларының кешенді жоспары жан-жақты талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев дайындық барысын баяндап, нақты жоспарлар мен ұйымдастыру жұмыстарына тоқталды.
Мамандардың мәліметінше, алдағы кезеңде аудан бойынша жалпы көлемі 143 350 гектар жерді зиянкестерден қорғау үшін химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы аумақ 19 секторға бөлініп, жұмыстарды үйлестіруге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мекемелердің 19 маманы және жергілікті атқарушы органнан 38 өкіл жауапты болып бекітілген.
Бұл мақсатта 220 анықтаушы маманнан құралған топ пен 44 арнайы автокөлік жұмылдырылып, далалық жұмыстарды ұйымдастыру үшін 23 жатын орын қарастырылған. Кестеге сәйкес, ең ауқымды өңдеу жұмыстары Бірлік ауылдық округіндегі 44 мың 100 гектар, Жамбыл ауылдық округіндегі 44 мың 100 гектар және Бозай ауылдық округіндегі 39 мың 600 гектар алқапта атқарылмақ. Сонымен қатар, жиын барысында Қошқарата, Біртілек, Ошақты және Ақтөбе ауылдық округтеріндегі фитосанитарлық жағдайға да ерекше назар аударылды.
Жиыннан кейін жұмыс тобы Ақтөбе және Жүзімдік ауылдық округтеріне барып, алқаптардың нақты жағдайымен танысып, дайындық деңгейін бағамдады.
Аталған шаралар Келес ауданы үшін ауыл шаруашылығы өнімділігін сақтау мен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие. Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала басшыларына техникалық жабдықтау мен дәрілеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындауды, сондай-ақ су көздерін алдын ала анықтап, дайындықты күшейтуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1195319?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version