Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, облыста республикалық маңызы бар 9 және жергілікті маңызы бар 863 ескерткіш мемлекет қорғауында. 2024–2025 жылдары қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, мемлекет қорғауындағы 872 нысан теңгерімге алынып, 500-ден астам ескерткішке ақпараттық тақтайшалар орнатылып, қорғау аймақтары белгіленген. Жоспарлы жұмыстар аясында кесенелер, мешіттер, қорғандар және тарихи-мәдени тұлғаларға арналған ескерткіштерді қалпына келтіру жүргізілуде.
«2025 жылы Матыгүл кесенесі қалпына келтірілді, сармат көсемінің сүйегі табылған Тасқопа қорғанына қоршау орнатылды, Жұмағали ишан мешітінің шатырын жабу жобасы дайындалып, Досжан ишан мемориалдық кешеніндегі мешіттің солтүстік-шығыс бөлігіне реставрация жасалды. 2026 жылы Досжан ишанның үйі мен мешіттің мұнарасын қалпына келтіріп, этноауыл мен ашық аспан астындағы музей құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар этнографиялық экспедициялар мен архивтік зерттеулер жүргізіліп, олардың нәтижелері 2027 жылы ғылыми жинақ ретінде жарық көреді», – деді Алтынай Юнисова.
Сонымен қатар Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» мемориалдық кешені мен Қобда ауданындағы «Абат-Байтақ» кесенесіне жөндеу жұмыстары жоспарда.
Биыл композитордың 120 жылдығына байланысты Ахмет және Ғазиза Жұбановтарға арналған ескерткіштерге баса назар аударылуда.
«Тарихи-мәдени мұраны сақтау – бұл рухани байлығымызды келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған ортақ міндет. Қала және аудан әкімдері ескерткіштердің жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, олардың бұзылуына және заңсыз жаңа нысандардың орнатылуына жол бермеуі тиіс. Сондай-ақ жүйелі мониторинг жүргізіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ескерткіштер аумағында тазалықты қамтамасыз ету қажет», – деді Асхат Шахаров.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1195080?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау