ҚХР Бас консулы: Алматы мен Шанхай жасанды интеллект пен «жасыл» экономикада жаңа өсім нүктелерін қалыптастырып келеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы мен Шанхай жоғары технология мен орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықты күшейтіп, экономикалық өсімнің жаңа бағыттарын айқындап келеді. Бұл туралы «Алматы – Шанхай» бизнес форумы барысында Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Су Фанцю мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс барлық деңгейде жүйелі түрде нығайып келеді. Ал өзара сенімнің жоғары деңгейі әріптестікті одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды.

«Біз бауырлас қалалар арасындағы белсенді ықпалдастықты ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект, заманауи ауыл шаруашылығы және «жасыл» энергетика секілді салаларда жаңа өсім нүктелерінің қалыптасып жатқанын байқаймыз», – деді Су Фанцю.

Ол бүгінде іскерлік байланыс нақты нәтижелер беріп отырғанына тоқталды. Электрондық коммерция мен цифрлық сервистердің дамуы тұтынушылардың тауарлар мен қызметтерге қолжетімділігін кеңейтсе, ал жаңа технология енгізу – зияткерлік жабдықтардан бастап мобильді төлемдерге дейін – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Дипломат Шанхайдың Қытайдың ашықтық саясатын жүзеге асырудағы негізгі орталықтарының бірі ретіндегі рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мегаполис елдің ішкі нарығын жаһандық экономикамен тиімді байланыстырып, халықаралық ынтымақтастықтың маңызды алаңы ретінде қызмет етеді.

Алматы өз кезегінде Орталық Азиядағы жетекші қаржы-экономикалық орталық ретіндегі орнын нығайтып, Еуропа мен Азия арасындағы трансконтиненталдық байланысты дамытуда стратегиялық рөл атқарып келеді.

Су Фанцю сондай-ақ қалалар арасындағы әріптестіктің нақты іске асу кезеңіне өткенін атап өтті. Бүгінде бірлескен жобалар жүзеге асырылып, іскерлік байланыс кеңейіп, бизнес пен тұрғындардың сұранысына сай жаңа ынтымақтастық бағыттары қалыптасып келеді.

«Алматы мен Шанхай арасындағы ынтымақтастық әлеуеті алдағы уақытта да жүйелі түрде ашыла беретініне сенімдіміз», – деді ол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1195559?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version