Қаланы абаттандыру мен экологияға қатысты мәселелерді енді онлайн түрде жедел хабарлауға мүмкіндік бар. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында іске қосылған осы аттас сервис арқылы тұрғындар өз өтінімдерін TazaQazaqstan.kz сайты немесе @TazaQazBot телеграм-боты арқылы жолдай алады.
Аталған цифрлық платформа Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан әзірленген. Сервис қала тұрғындарына қоқыс, тазаланбаған аумақтар, жолдардың жай-күйі, көше жарықтандыруы немесе кіреберістердің жағдайы секілді түрлі мәселелер туралы жедел ақпарат беруге мүмкіндік береді.
Қызметті пайдалану тәртібі
Алдымен пайдаланушы сайтқа немесе телеграм-ботқа кіріп, авторизациядан өтуі қажет.
Бұдан кейін мәселені растайтын фотосуретті жүктейді: оны сол сәтте түсіруге немесе құрылғы жадынан таңдауға болады.
Келесі қадамда нақты мекенжай көрсетіліп, жағдай қысқаша сипатталады да, өтінім жолданады.
Жіберілген өтінім жергілікті атқарушы органның операторына түседі. Мамандар оны қарап, жауапты қызметті айқындайды және мәселені шешу мерзімін белгілейді.
Мәселе шешілген соң орындаушы тарап фотоесеп пен түсіндірме ұсынады. Пайдаланушыға тиісті хабарлама келіп, ол нәтижені тексеріп, атқарылған жұмыстың сапасына баға бере алады.
Айта кету керек, сервис eGov Mobile мобильді қосымшасында да қолжетімді. Бұл өтінім беру үдерісін бұрынғыдан да ыңғайлы әрі жедел етеді.
Қазақстандықтар аталған платформаны белсенді пайдаланып, қалалық ортаның сапасын жақсартуға үлес қосуға шақырылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1195436?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау