«Кәдімгі керемет»: қарағандылық оқушылар халықаралық фестивальде Гран-при иеленді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматыда өткен IV Халықаралық балалар театрларының «Алға Жетістікке» фестивалінде Қарағанды қаласындағы №95 мектеп-гимназиясының «Галёрка» театры аға жас санатында Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Фестивальге Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Ресей, Беларусь және Қырғызстаннан келген 32 театр қатысты. Қатысушылар кіші (5 жастан), орта (11 жастан) және аға (15 жастан) жас санаттары бойынша өнер көрсетті.

Қарағандылық «Галёрка» театры көрермен назарына Евгений Шварцтың пьесасы негізінде сахналанған «Кәдімгі керемет» қойылымын ұсынды. Театр жетекшісі Елена Самченконың айтуынша, ұжым үшін мұндай байқауларға қатысу — үйреншікті тәжірибе.

— Бұл біздің фестивальдерге алғаш қатысуымыз емес. Бұған дейін халықаралық «Театр–творчество–талант» байқауында да жүлделі орындар алғанбыз. «Алға Жетістікке» фестиваліне бізді ұйымдастырушылардың өздері шақырды. Биыл Евгений Шварцтың туғанына 130 жыл толуына орай, оның «Кәдімгі кереметін» сахналау идеясы туындады, — деді Елена Самченко.

Сапарға дайындық қысқа мерзімде жүргізілді: шақырту кеш түскен. Оның үстіне декорациялар мен реквизиттердің бір бөлігін алып бару мүмкін болмаған. Соған қарамастан, жас әртістер жоғары деңгей көрсетіп, қойылымды бар ынтасымен сахналады.

Елена Самченконың сөзінше, фестивальдегі бәсеке өте жоғары болған.

— Біз келгенде Шымкент пен Алматыдан келген ұжымдардың өте мықты екенін айтты — әдетте басты жүлделер соларға бұйырады. Алайда біздің қойылымнан кейін көрермендердің қошеметі ұзақ уақыт тыйылмады. Сахна сыртында да көпшілік қойылымның деңгейін ерекше атап өтті. Марапаттау сәтінде қатты толқыдық: үшінші, екінші, бірінші орындар жарияланды — біздің атымыз аталмады. Сосын бірден Гран-при! Бұл біз үшін керемет сәт болды, — деп бөлісті ол.

Басты жүлдемен қатар, ұжым мүшелері жеке жетістіктерге де қол жеткізді: Арина Боднарук фестивальдің «Үздік актрисасы» атанса, Данил Прилепин «Екінші пландағы үздік рөл» номинациясымен марапатталды.

№95 мектеп-гимназиясындағы «Галёрка» театры 1999 жылы әлеуметтік жоба ретінде құрылған. Оның мақсаты — Майқұдық тұрғындары үшін театр өнерін қолжетімді ету және жасөспірімдерді шығармашылыққа тарту, әсіресе өмірлік қиындықтарға тап болған балаларға қолдау көрсету.

Уақыт өте келе театрға қатысу оқушылар арасында беделді ісқа айналды. Бүгінде көптеген оқушы осы ұжымға қосылуға ұмтылып, репетицияларға қызығушылықпен қатысады. Құрылған сәттен бері «Галёрка» 23 спектакль сахналады — ертегілерден бастап классикалық шығармалар мен әскери драмаларға дейін.

Театрдың арқасында гимназияның төрт түлегі кәсіби актер атанды: олардың екеуі шетелде еңбек етсе, тағы екеуі Қазақстан сахналарында өнер көрсетіп жүр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1195908?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version