Абай облысында 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында бокс жаттықтырушыларын еске алуға арналған республикалық ашық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тағылымы мол спорттық додаға еліміздің әр өңірінен келген 150-ден аса жасөспірім спортшы қатысып, өзара бақ сынауға мүмкіндік алды. Аталған турнир жас буынның бойына ерік-жігер, табандылық, тәртіп пен салауатты өмір салты құндылықтарын сіңіруге бағытталған маңызды алаңға айналды.
Өз сөзінде полиция капитаны Үкіжанов Думан спорттың жасөспірімдерді жаман әдеттен, теріс әрекеттерден және қауіпті ортадан сақтайтын ең қуатты құралдардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, спорт – тек күш пен шеберліктің алаңы емес, ол мінезді қалыптастыратын, тәртіпке баулитын және биік мақсаттарға жетелейтін өмір мектебі.
Полиция капитаны Үкіжанов Думан:
– Құрметті жас спортшылар, ардақты жаттықтырушылар, қадірлі қонақтар! Бүгінгі турнир – тек жарыс емес, бұл – спортқа ғұмырын арнаған жаттықтырушыларды еске алу, олардың еңбегіне тағзым ету. Осындай өнегелі шараға 150-ден аса жас спортшының қатысуы – бокстың жас ұрпақ арасында кеңінен дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Сіздер спортты таңдау арқылы жарқын болашақты, тәртіпті және мықты өмірлік ұстанымды таңдадыңыздар. Есірткі – адам денсаулығын ғана емес, оның тағдырын, арманын, болашағын күйрететін қауіпті кесел. Сондықтан әрдайым дұрыс жолдан таймай, салауатты өмір салтын серік етіп, биік белестерді бағындырыңыздар. Баршаңызға сәттілік, әділ бәсеке және жарқын жеңіс тілеймін!” деп атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1196807?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау