2026 жылдың 7 сәуірінде Қ.Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйінде Амангелді аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлыбек Бөгетбайұлы Әлмағамбетовтың сайлаушылармен кездесуі өтті. Бұл жиын жергілікті тұрғындар мен билік өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналып, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында мәслихат төрағасы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асырылған жобалар туралы баяндады.
Жиынның негізгі бөлігі сұрақ-жауап форматында өрбіді. Аудан тұрғындары жол сапасы, ауыз су мәселесі, электр жарығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларына қатысты өз ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді.
«Тазалық бар жерде – тәртіп бар». Осы қағиданы негізге ала отырып, ауданымыздың құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің мүшесі Б. Нұрғожин ауыл көшелеріндегі автокөліктердің жүру жылдамдығы туралы, әсіресе түнгі уақыттарда жылдамдықтарын шамадан тыс асырып жүретіндігі жөнінде айтты. Көшелер тек қозғалыс жолы емес, ол – тәрбие мен мәдениеттің көрінісі. Сондықтан әр көше бойында халық даналығы мен ақын-жазушылардың нақыл сөздерін, мақал-мәтел тақтайшаларын орналастыру – тұрғындардың сана-сезіміне оң әсер береді деп ұсыныс жасады.
Мектеп директоры Б.Ш. Дәуітбаев аудан орталығында орналасқан «Қазпошта» мекемесінің алдына тегістеу жұмыстары жасалып, авто тұрақ жасалса деген ұсынысын айтты.
С.Ж. Махатов қазіргі таңда ауыл аумағында орналасқан қоқыс полигоны елді мекенге жақын орналасуына байланысты ауыл тазалығына кері әсерін тигізіп жатқаны туралы айтып, қоқыс төгетін полигонды басқа жерге ауыстыру туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар, ауылдағы санитарлық жағдайды жақсарту және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару үшін қоқыс жинайтын арнайы техниканы (қоқыс таситын көлік) сатып алу немесе қамтамасыз ету жөнінде өз ұсынысын жеткізді.
Ауыл тұрғыны, зейнеткер С. Бірсейтов ауылдағы екіқабатты тұрғын үйлердің айналасында тазалық жұмыстарын жүргізу қажеттігі мәселесін көтерді. Тиісті мекемелер тарапынан жүйелі түрде тазалық жұмыстарын ұйымдастыруды, аулаларды абаттандыру мен көркейтуге көңіл бөлуді сұрады. Сонымен қатар, соңғы уақытта жарықтың жиі үзілуіне байланысты электр желілерінің техникалық жағдайын тексеріп, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ апаттық жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуді сұрады.
Кездесу барысында аудан тұрғыны Е.Е. Жұмекенов «Жастар» саябағының қазіргі жағдайы туралы айтты. Айтуынша, саябақ аумағында тазалық жұмыстарын жүргізу, жарықтандыру жүйесін жеткілікті ету, ал кейбір балаларға арналған тозығы жеткен құрылғыларды қалпына келтіру немесе жаңарту жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті.
Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмай, тиісті мекемелерге депутаттық сауалдар жолданып, нақты шешу жолдары қарастырылатыны айтылды.
Нұрлыбек Бөгетбайұлы өз сөзінде халықпен тұрақты байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Ол тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары ауданның дамуына серпін беретінін ерекше атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-amangeldi/press/news/details/1197106?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау