Автожолдарды жаңғырту арқылы туризмді дамыту: 2026 жылғы басымдықтар.
2026 жылы Қазақстанда елдің негізгі туристік аймақтарына көлік қолжетімділігін арттыру бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғасуда. Республикалық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау жол жүру уақытын қысқартып қана қоймай, жол бойындағы инфрақұрылымның сапасын да жақсартады: бұл ішкі туризмді дамытудың маңызды серпіні болмақ, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.
Туризмді дамыту бағытындағы маңызды жобалардың ішінде «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты ерекше маңызға ие, ол болашақта Каспий теңізіне апаратын жолды ашады. «Орталық – Батыс» дәлізі Торғай өңіріндегі туристік аймақтарды елордамен байланыстырып, саяхатшылар үшін жаңа бағыттарды қалыптастырады. Ал «Өскемен – Рахман қайнары» жобасы Шығыс Қазақстанның туризм саласын дамытуға серпін береді.
Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жолдарды орташа жөндеудің ауқымды жобасы аясында Қазақстанның туристік аймақтарына апаратын бірқатар жол учаскелері жаңартылады. Атап айтқанда, Жаңаөзен – Кендірлі, Өскемен – Қатонқарағай, Көкшетау – Зеренді, Кеген – Қырғызстан шекарасы, Қалқаман – Баянауыл автожолдары қамтылады.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар туристік аймақтарға қолайлы қатынауды қамтамасыз етуге бағытталған 33 өңірлік жобаны іске асыруда. Бұған қоса, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстарын жүргізуде. 2026 жылы жол бойы сервистің 50 жаңа нысанын салу жоспарлануда. Кәсіпкерлерді қолдау үшін нысандарды күтіп ұстау шығындарының орнын толтыру көзделген.
Алакөл көлінің жағалауына көліктік қолжетімділікті жақсартуға ерекше назар аударылып отыр. Осы бағытта ұзындығы 8,2 км болатын «Қабанбай ауылының айналма жолын салу» жобасы әзірленді, ол елді мекендегі транзиттік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Аталған барлық шаралардың іске асырылуы автожол желісінің өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, инфрақұрылым сапасын жақсартып, туристік объектілерге жету уақытын қысқартады. Бұл ішкі туризмді дамыту мен жол саласындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін жаңа мүмкіндіктер туғызбақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-zhitikarin-yrsai/press/news/details/1197104?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау