Саранда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғыртылып, абаттандыру жұмыстары жалғасуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Саран қаласы дамуын жалғастырып келеді. Өткен жылы «Горняк» шағынауданындағы бұрын-соңды орталық жылуға қосылмаған 55 үйдің барлығы толықтай орталық жылу жүйесіне қосылды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселені шешуді тапсырған болатын. Жұмыс сапары барысында өңір басшысы қалаға арнайы барып, жылыту маусымының қалай өткенін тексерді.

Орталық жылумен қамту мәселесін шешу үшін ауқымды жұмыстар атқарылды: инженерлік желілер тартылып, әр аулада жылу тораптары орнатылды, сондай-ақ пәтер иелеріне үй ішіндегі жүйелерді жүргізуге көмек көрсетілді.

Өңір басшысы шағынаудан тұрғындарымен кездесіп, олардың пікірін тыңдады. Тұрғындардың айтуынша, биылғы қыс олар үшін мүлде жаңа жағдайда өтті.

– Әрине, орталық жылу үшін билікке алғыс айтамыз. Мұны шамамен 30 жыл күттік. Барлық тұрғындар риза. Пәтерлер жылы әрі таза. Пеш жағудың, күл шығарудың қажеті жоқ. Аулалар да таза бола бастады, өйткені бұрын көмірді үйлердің жанында сақтайтын едік, – дейді «Горняк» ПКСК төрайымы Татьяна Сухоцкая.

Облыс әкімі тұрғындарды «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, өз аулаларының тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Жалпы, Саран қаласында жылыту маусымы тұрақты өтті. Қазіргі таңда барлық көпқабатты тұрғын үйлер орталық қазандықтан жылумен қамтамасыз етілуде, сондай-ақ бизнес нысандарын қосуға мүмкіндік пайда болды.

Қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Саран қаласы әкімінің орынбасары Дастан Әрнешевтің айтуынша, биыл электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған жоба аяқталуы тиіс. Оның аясында электр желілері мен кабельдер жаңартылып, 500-ге жуық тірек ауыстырылады.

Сондай-ақ су құбыры жүйесін жаңғыртудың үшінші кезеңін аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, қалада кәріз жүйесі де жаңартылуда.

Саран көшелері жарықтандырылып келеді: екі мыңнан астам жарық тірегі орнатылған, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу жоспарланған.

Кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістер қалада жайлы орта қалыптастыруға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1197011?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version