Ұлытау облысында алғашқы көтерме-тарату орталығының құрылысы аяқталуға жақын: іске қосу 2026 жылдың күзіне жоспарланған

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барды. Сапар шеңберінде ол агроөнеркәсіп кешені нысандарының құрылысымен танысып, өңір шаруаларымен кездесті.

Кездесуде ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы мен аграршылардың түйткілді мәселелері қаралды. Облыс құрылғалы бері, инвесторлардың қатысуымен құны 3 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылды. Times Agro Holding қатысуымен агроөнеркәсіп кластерін құруды және Samga Agro-мен бірлесіп, Жезқазғанда 500 мал басына арналған тауарлы сүт фермасын салуды қосқанда, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жиынға қатысушыларды 2026 жылы басталған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде жеңілдетілген несие беру мүмкіндігі туралы хабардар етті. Вице-министр өңірдің табиғи жағдайларын ескере отырып, шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық жерлерді ұтымды игеруге баса назар аударды. Осы мақсатта жайылымдарды сумен қамтамасыз ету, жылжымалы вагондар сатып алу және басқа да ілеспе шығындарды қаржыландыруды көздейтін «Жайлау» бірыңғай несие өнімі іске қосылады.

Кездесу барысында шаруалар бірқатар мәселеле көтерді. «Кеңгір» ШҚ басшысы Ардақ Нұржанов өңірде сервистік орталықтардың болмауына байланысты «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингке алынған ауыл шаруашылығы техникасына кепілдікпен қызмет көрсетудің күрделілігін атап өтті. Вице-премьер ҚАҚ-қа компания өкілдерінің жұмысын жергілікті жерде ұйымдастыруды, ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қазақстандық автоөндірушілер қауымдастығымен бірлесіп, сервистік орталықтардың ашылуын пысықтауды және Жезқазғанда сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасының болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ егінді киіктен қорғау мәселесі көтерілді. Биыл мамандар мен техника тарта отырып, ауыл шаруашылығы алқабын қорғау жалғастырылатыны атап өтілді. Сонымен қатар сақтандыру тетігі де қарастырылуда.

«Самға» ЖШС директоры Абай Байділдә инфрақұрылымды дамыту – суару жобалары мен тауарлы сүт фермалары үшін су мен электр қатын жеткізу мәселесін көтерді. Ауыл шаруашылығы алқабын суару ісін дамыту үшін қажетті жерасты су қорының жеткіліксіз зерттелуі де атап өтілді. Осыған байланысты әкімдікке Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп геологиялық зерттеу жүргізу және су ресурстарын бағалау мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.

Кездесуді қорытындылай келе, вице-премьер Ұлытау облысы жаңа өңір ретінде алда бірқатар жүйелі міндеттер тұрғанын атап өтті. Үкімет өңірдегі бизнесті және ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.

Премьер-министрдің орынбасары шаруалармен кездесуден кейін өңірдің осы жылға және 2027-2029 жылдардың жоспарлы кезеңіне арналған бюджеттік қамтамасыз ету жөніндегі кеңес өткізді. Өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) бойынша облыстың артта қалуын қысқарту шараларына ерекше назар аударылды. Ұлытау облысы, ӨСЖ-ге сәйкес, республика бойынша базалық инфрақұрылыммен мейлінше аз қамтылған.

Жұмыс сапары шеңберінде вице-премьер мал шаруашылығы мен жемшөп дақылдарын өсіруге маманданған Кengir AGRO агроөнеркәсіп кешенінің құрылысымен танысты. Бүгінгі таңда нысанда әкімшілік-тұрмыстық кешен салынды. Биыл 500 гектар аумақта суару жүйесін іске қосу жоспарлануда. Оның 150 гектары картопқа, қалғаны жемшөп дақылдарына арналады. Компания жайылымдық жерлерді пайдаланып, мал шаруашылығының аустралиялық моделін енгізуге ниетті. Қазірдің өзінде 14 ауылдық округте ІҚМ өсіру шаруашылығы құрылды. Сондай-ақ асылтұқымды мал сатып алу үшін «Игілік» және «Береке» бағдарламаларына қатысу, 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу жоспарланған.

Серік Жұманғарин «Samadi A Group» ЖШС-ның жалпы сыйымдылығы 15 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы бар өңірдегі алғашқы көтерме-тарату орталығының құрылыс алаңында болды.  Нысан биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ кәсіпорын «Бәйтерек» холдингі және Аграрлық несие корпорациямен бірлесіп, өңірде ет өңдеу және шұжық, консерві өнімін шығару жобасын әзірлемек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1196931?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version