Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Дәулеталин Сатыбалды Телеғысұлының Түркістан облысына жұмыс сапарымен келуіне байланысты үстіміздегі жылдың 9 сәуір күні «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің кеңейтілген Үйлестіру кеңесінің жиыны өтті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы С.Даулеталин, Түркістан облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Бердіғали Өмірәлі, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Әліш Амангелды Салхудинұлы және Үйлестіру кеңесінің өзге де мүшелерінің қатысуымен өткен кезекті кеңесте еңбек саласына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Жиын барысында жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестікті дамыту және ұжымдық шарттардың орындалу барысы назарға алынды.
Департамент басшысы Амангелды Салхудинұлы өз кезегінде өндіріс орындарында жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының орындалуы бойынша жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарының (ОСНС) маңыздылығы, бекітілген ұжымдық шарттарды цифрландыру, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕШЕАБЖ) еңбек шарттарын электронды рәсімдеу тәртібін ұйымдастыру мәселелеріне кеңінен тоқталып өтті.
Кеңес мүшелері еңбек заңнамасының сақталуын күшейту, өндірістік жарақаттардың алдын алу және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіру бағытында ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру, еңбек дауларын алдын ала шешу және жұмыс берушілермен өзара тиімді диалог орнату мәселелері де көтерілді.
Жиын қорытындысы бойынша алдағы кезеңге нақты міндеттер айқындалып, еңбек қатынастары саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау