Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Aidarly Mining» ЖШС бас директоры Ерғали Батталов бастаған компания өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Аягөз ауданындағы «Айдарлы» кен орнын игеру жобасы талқыланды. Жоба аясында тау-кен байыту комбинатын салу көзделген. Кен орны ашық тәсілмен игеріліп, жылына 75 млн тонна кен өндіру жоспарланып отыр. Нәтижесінде құрамында мыс мөлшері 23 пайыз болатын 1,1 млн тонна мыс концентраты және 7 500 тонна молибден концентраты алынбақ. Жоба толық іске асқанда 1800-ден астам жұмыс орны ашылады. Инвестиция көлемі 4,5 млрд АҚШ долларынан асады. Жобаның іске асу мерзімі 2030 жылға дейін жоспарланған.
«Қазір жобалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жазда құрылыс-монтаж жұмысын бастаймыз. Кәсіпорынды 2029 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Ерғали Батталов.
Аймақ басшысы мұндай ауқымды жобаның өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инвестиция тартуды ел экономикасының негізгі басымдықтарының бірі ретінде атап өтті. Жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасының ілгерілеуіне үлес қосатын өнеркәсіп орындары облысымыз үшін аса қажет. Әкімдік тарапынан заң аясында тиісті көмек көрсетіледі», – деді Берік Уәли.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 2023-2027 жылдарға арналған геологиялық барлау жоспары аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде алтын, уран және басқа да пайдалы қазбалардың 64 резервтік кен орны анықталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1198869?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау